Қазақстанның соңғы жаңалықтары

7 жылға дейін түрме күтіп тұр: Баласын аяусыз ұрған әйелді құрбысы видеоға түсірген

Бөлісу:
 taldykorganec_kolesa/видеодан скрин
VIDEO
Фото: taldykorganec_kolesa/видеодан скрин

Жетісу облысында баласын азаптаған әйелге 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр. Бұған дейін аталған жантүршігерлік оқиғаны бүлдіршіннің әкесі видеоға түсірген деген ақпарат тараған еді. Белгілі болғандай, бейнежазбаны үй иесінің құрбысы түсірген, деп хабарлайды BAQ.KZ Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Жантүршігерлік оқиға Нұркент елді мекеніндегі көпқабатты үйлердің бірінде болған. Видеодан шамамен 3-4 жастағы баланы әйелдің аяусыз соққыға жыққанын көруге болады. Ол баланы тепкілеп, қолынан жұлқып, бұрап, басы мен арқасына бірнеше рет ұрған.

Панфилов аудандық әкімдігі түсіндіргендей, елді мекен шекара маңында, Қорғасқа жақын орналасқан. Оқиға болған үй бұған дейін бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арнап салынғаны нақтыланды.

Баласын соққыға жыққан әйел сол үйге қонаққа келген. Ал бейнежазбаны үй иесінің құрбысы түсіргені белгілі болды.

Бұл видео әлеуметтік желілерде таралып, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Бұған дейін хабарланғандай, баланың анасы уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Балалар Жанұя отбасыны қолдау орталығына орналастырылды. Қазіргі уақытта олардың жағдайы қалыпты. Әлеуметтік желілерде тараған бейнені үй иесінің қонаққа келген құрбысы түсірген. Үй иесі, Т. есімді азаматша, дүкенге кеткен кезде телефонын қалдырып кеткен. Сол сәтте құрбысы ананың баласын ұрып жатқанын видеоға түсірген, – деп мәлімдеді Панфилов аудандық әкімдігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Нұрбол Ханагат.

Әкімдік мәліметінше, бейнежазбаға түскен әйел 2020 жылдан бері заңды некеде тұр. Сонымен қатар оның психиатриялық диспансерде арнайы есепте тұрғаны да анықталған.

Күдіктіге Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы – «Көрінеу кәмелетке толмағанды немесе дәрменсіз күйде екені белгілі адамды азаптау» бойынша айып тағылып отыр. Заңға сәйкес, оған 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Сондай-ақ Панфилов аудандық әкімдігінде жас әйелді ана құқығынан айыру мәселесі қаралып жатқаны хабарланды.

Бұған дейін Жаркентте 28 жастағы анасы өз баласын аяусыз соққыға жыққанын хабарлаған болатынбыз. Аталған оқиға әлеуметтік желіде тез тарап, резонанс тудырды

Жетісу облысының Полиция департаменті кішкентай баласын соққылап, тепкілеп, қолынан тартып, бұрап, аяусыз ұрып-соққан ана қамалғанын хабарлады.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева осы факті бойынша пікір білдірді.

Өзгелердің жаңалығы