Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 7 жасар оқушының туыстары зорлық-зомбылық туралы мәлімдегеннен кейін мектеп директоры мен директордың орынбасары қызметінен шеттетілді, деп хабарлады ҚР БҒМ баспасөз қызметі.
ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау Комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев пен ҚР Білім және ғылым министрінің Балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі кеңесшісі Раиса Шер Ақтөбе облысына барып, зардап шеккен баланың отбасымен кездесті.
Министрлік өкілдері баланың жағдайымен танысып, бала мен оның туыстарына қандай көмек қажет екенін сұрап білді. Балаға жан-жақты көмек, оның ішінде психологиялық көмек көрсетіледі.
Ақтөбе облысы әкімдігінің білім басқармасы Білім және ғылым министрлігіне оқушының ата-анасының өтініші туралы уақытылы хабарламады. Мектеп әкімшілігі қажетті жұмысты жүргізбей, туыстарының үндеуіне тиісті назар аудармаған. Әкімдіктер жанындағы барлық білім басқармасы мектептерде не болып жатқанын бақылауда ұстауға және өңірлерде не болып жатқанын білуі тиіс. Мектепте әр бала үшін ыңғайлы болатын жағдай жасау керек. Немқұрайлылыққа жол берілмейді, - деді Балалар құқығын қорғау Комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев.
Сондай-ақ ҚР БҒМ өкілдері Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары, Ақтөбе облысы әкімдігінің білім басқармасы басшылығы, құқық қорғау органдары мен қамқоршылық кеңесінің қатысуымен кеңес өткізді. Онда болған оқиғаға байланысты жағдай толық анықталғанға дейін мектеп директоры мен директордың орынбасарын қызметінен шеттету туралы шешім жария етілді.
Жергілікті атқарушы органдарға кәмелетке толмағандарға қатысты қауіпсіздік шараларын күшейту, осы бағыттағы алдын алу жұмыстары және білім беру ұйымдарындағы бейнебақылау камераларының жұмысына мұқият тексеру жүргізу бойынша тапсырмалар берілді.
Облыс әкімінің орынбасары төрағалық ететін Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссиясына кәмелетке толмағандар арасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бойынша алдын алу жұмыстарын жүргізу жүктелді.
Бұған кейін Ақтөбе облысының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті мектеп қызметкерлеріне қатысты тергеу жұмыстарын бастады. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.