7 миллион теңгеге дейінгі гранттық бағдарламалар таныстырылды

25 Маусым 2024, 19:40
435
Бөлісу:
7 миллион теңгеге дейінгі гранттық бағдарламалар таныстырылды
Фото: Медиа дамыту қоры

«Медиа дамыту қоры» корпоративтік қоры 7 миллион теңгеге дейінгі гранттық бағдарламаларын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Медиа дамыту қоры» корпоративтік қоры медиатренерлерге, өңірлік БАҚ пен блогерлерді қолдауға арналған гранттық бағдарламаларын таныстырды.

Іс-шара аясында «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қорының бас директоры Әділет Әлімханов Қордың миссиясы мен жетістіктері жайында әңгімелеп берді. Оның айтуынша, гранттар отандық медиа саласы үшін сапалы журналистиканы қолдау, қоғамдық диалогты ынталандыру және елдегі ақпараттық ашықтықты қамтамасыз ету құралы ретінде маңызды.

Сонымен қатар, гранттар беру конкурсы журналистерге саланы дамытудың жаңа тәсілдерін аша отырып, өз идеялар мен жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

«Медиа дамыту қоры» КҚ медиа-индустрия мамандарын қолдайды. Біз пайда әкелетін жобаларды емес, саланы жақсы жаққа өзгертуге дайын тұлғаларды іздеудеміз. Алдағы уақытта біз өз жобасына сенімді, ынта-жігерін салып жұмыс істейтін және жалпы отандық медианың дамуына үлес қосып жүрген жанашырларымен біргеміз, — деп атап өтті Қор басшысы.

Іс-шара аясында медиатренерлерге арналған гранттар конкурсының аралық қорытындысы шығарылды. Өтінім беріп үлгермегендер үшін ұйымдастырушылар өтініш берудің соңғы күні 30 маусым екенін еске салды.

Сондай-ақ кездесу барысында ресми түрде екі ауқымды конкурс бастау алды:

- шағын медиа акселерациясына арналған гранттар;

- әлеуметтік желілердегі контент авторларына арналған гранттар.

Екі бағдарлама да екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде – конкурстық комиссия өтінімді қарайды, екінші кезеңде – авторлар конкурстық комиссияның алдында өз жобаларын қорғайды.

Конкурстың шарттарын мына сілтемелер бойынша толығырақ білуге болады.

Жиналған қонақтардың ішінде жетекші журналистер, блогерлер, мемлекеттік органдар мен сарапшылар топтарының өкілдері болды. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында «Медиа дамыту қоры» КҚ басшысы Әділет Әлімханов әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Өз кезегінде кездесуге келген қонақтар журналистика саласындағы гранттық бағдарламалар пікір алмасу мен сөз бостандығының драйвері ретінде, сондай-ақ қоғамдағы кәсібилік пен ақпараттық сауаттылықтың дамуына зор үлес қосатынын атап өтті.

Қор «Халық» қайырымдылық қоры мен «Freedom Telecom» компаниясына маңызды мерекелік іс-шараны іске асыруға қосқан құнды үлесі үшін алғыс білдіреді.

Өзгелердің жаңалығы