Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев Жеңістің 80 жылдығына орай өтетін шеруге қанша теңге жұмсалатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Биыл еліміз Жеңістің 80 жылдығын атап өтеді. Мерекеге орай, елордада 7 мамырда шеру өтеді. Редакциямыз шеруге қанша қаржы бөлінетінін сұрап, Қорғаныс министрлігіне ресми сауал жолдады.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шерудің бюджеті шамамен 2,5 миллиард теңгені құрайды. Қаражат Қорғаныс министрлігінің 2025 жылға арналған жауынгерлік дайындық іс-шаралары есебінен алынады, - деп жауап берді Жазықбаев.
Оның сөзінше, қаражат негізінен шеруге қатысатын жеке құрамның іссапар шығындары, шатырлы қалашықты жабдықтауға арналған материалдарды дайындауға, әскери және әуе техникасын жанар-жағармаймен қамтамасыз етуге жұмсалмақ.
Еліміздің басқа өңірлерінде шеру өткізуге қаржы бөлу қарастырылмаған. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шеру ең алдымен қан майданда ерлікпен қаза тауып, болашақ ұрпақ үшін бейбіт өмір сыйлаған боздақтарға, қазіргі көзі тірі 120 соғыс ардагеріне арналған құрмет. Екіншіден, ел халқына және өскелең ұрпаққа Қазақстан әскерінің күш-қуатын паш ету. Үшіншіден, жастардың бойында туған жеріне, өз әскеріне, ата-баба ерлігіне патриоттық сезімді қалыптастыру, - деп жауап берді Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев.