Алматы, BAQ.KZ. «7-20-25» талаптарына сай келетін Алматы пәтерлері #expohomsters жылжымайтын мүлік жәрмеңкесіне қойылады. Бұл туралы «Баспана» ипотекалық ұйымы хабарлады.
Жәрмеңке 13-14 сәуір күндері "Dostyk Plaza" ғимаратында өтеді. Жәрмеңкенің ұйымдастырушысы Homsters.kz. онлайн-сервисі.
Жәрмеңкеге Алматыдағы 50 құрылыс компаниясы қатыспақ. Олар келген азаматтарға қолда бар тұрғын үй туралы, бағасы мен оны «7-20-25» бағдарламасы арқылы сатып алу мүмкіндігі туралы толық ақпарат береді. Сонымен қатар, екінші деңгейдегі банктердің өкілдері мен «Баспана» ипотекалық ұйымының мамандары кеңес беретін болады.
«Біз Қазақстанның ірі қалаларында өтіп жүрген пәтер жәрмеңкелеріне екінші жыл қатысқалы отырмыз. Бұған дейінгі жәрмеңкелер өзінің тиімділігін дәлелдеді. Олар сатушылардың, сатып алушылардың және банктердің бір алаңда бас қосуына жақсы мүмкіндік береді. Егер өткен жылы Алматы қаласындағы жәрмеңкеге 35 құрылыс компаниясы қатысса, биыл олардың саны 50-ден асып отыр. Құрылысшылардың «7-20-25» бағдарламасына деген қызығушылығы артып отырғанын ескерсек, енді тұрғын үй кешендерінің дерекқорын жүйелі түрде жаңартып отыру қажеттілігі туындайды. Осы тұрғыдан мамандандырылған интернет-сервистердің үлкен қолдауын сезінеміз», – дейді «Баспана» ипотекалық ұйымының басшысы Қайрат Алтынбеков.
Екі күн ішінде жәрмеңкеге Алматының 6 мыңнан астам тұрғыны мен қонақтары қатысады деп күтілуде. «7-20-25» бағдарламасы бойынша Алматыда пәтер алғысы келетіндерге бұл өте жақсы мүмкіндік екенін де ескерте кетейік.