- Мұқаба
- Жаңалықтар
- 6,4% өсім, 20 млн шаршы метр тұрғын үй: Өнеркәсіп пен құрылыс қай деңгейге жетті?
6,4% өсім, 20 млн шаршы метр тұрғын үй: Өнеркәсіп пен құрылыс қай деңгейге жетті?
Қазақстанда өнеркәсіп пен құрылыс салалары 2025 жылы өсім көрсетіп, жаңа инвестициялық жобалар іске қосылды.
Бүгiн 2026, 12:02
Қазақстанда өнеркәсіп пен құрылыс салалары 2025 жылы өсім көрсетіп, жаңа инвестициялық жобалар іске қосылды. Салалардың қазіргі жағдайы мен алдағы жоспарларына шолу ұсынамыз, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемінің өсімі 6,4%-ға жетті. Өсім металлургия (1,2%-ға), машина жасау (12,9%-ға), химия өнеркәсібі (9,8%-ға), құрылыс материалдары өндірісі (9,7%-ға), резеңке және пластмасса бұйымдары өндірісі (7,6%-ға) және басқа да салалардағы оң динамика есебінен қамтамасыз етілді.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, 2025 жылдың қорытындылары өнеркәсіп пен құрылыс саласының жаңа даму кезеңіне қадам басқанын көрсетеді. Өндірістің өсуі, тұрғын үйдің рекордтық көлемде пайдалануға берілуі, жаңа инвестициялық жобалар және жер қойнауын пайдалану саласындағы реформалар – әрі қарай сапалы серпіліс жасауға негіз болатын берік іргетас.
Жалпы сомасы шамамен 1,5 трлн теңгеге тең 190 жоба іске қосылып, 22 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды. Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі іске қосылып, жүйеде 800-ден астам компания тіркелді. Сонымен қатар үш жаңа арнайы экономикалық аймақ («Ақтөбе», «Атырау» және «Қорқыт Ата» АЭА) құрылып, 13 инвестициялық келісімге қол қойылды.
Құрылыста жаңа рекорд
Құрылыс саласында жоспарланған 19,2 млн шаршы метрдің орнына 20,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 185 мыңнан астам тұрғын үйді құрайды (НКИ – 105,1%). Көрсеткіш алдыңғы кезең деңгейінен асып, жаңа рекорд орнатты. Сондай-ақ саланың тұрақты дамуына негіз болатын жаңа Құрылыс кодексі қабылданды.
Жер қойнауы: жаңа кен орындары және ауқымды зерттеу
Жер қойнауын пайдалану саласында Жер қойнауы туралы кодекске өзгерістер енгізілді. Заңнамалық және институционалдық реформалар елдің минералдық-шикізат базасын толықтыруға бағытталған.
Мемлекеттік есепке Көк-Жон, Алтын-Шоқы, Самомбет, Студенттік және Тақыр-Қалжырды қоса алғанда 17 жаңа кен орны қабылданды. Биыл 1:50 000 масштабтағы егжей-тегжейлі карталау аясында ел аумағының 100 мың шаршы шақырымы зерттеледі. Кейін бұл көлем жыл сайын 30 мың шаршы шақырымға ұлғайтылатын болады.
Цифрландыру: платформа, лицензия және жасанды интеллект
Қазіргі уақытта Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы жұмыс істейді. Онда 22 мемлекеттік қызмет қолжетімді, электрондық аукциондар және қол қою бонусын онлайн төлеу жүйесі іске асырылған. 700-ден астам лицензия беріліп, шамамен 4,6 млн геологиялық есеп цифрландырылды.
Құрылыс мониторингіне компьютерлік көру және жасанды интеллект енгізілді. Жүйе бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын автоматты түрде салыстырып, құрылыс басталғанға дейін сәйкессіздіктерді анықтайды. Бұл заңсыз құрылыс тәуекелдерін төмендетуге және аумақтық жоспарлау сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында жобаларды басқарудың цифрлық платформасы іске қосылды. Ол өтінім беруден бастап іске асыру мониторингіне дейінгі барлық кезеңді біріктіреді.
2026 жыл: 1,7 трлн теңгелік жобалар және өндірісті ұлғайту
Алдағы кезеңге шамамен 200 жобаны іске асыру жоспарланған. Жалпы құны – 1,7 трлн теңге. Нәтижесінде 19,4 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны құрылады. Барлық жобалар толық қуатына шыққанда өндіріс көлемі шамамен 2,3 трлн теңгені құрайды. Оның 1,5 трлн теңгесі импортты алмастыруға, 0,5 трлн теңгесі экспортқа бағытталады.
Металлургия
2026 жылы металлургия секторындағы өндіріс көлемі 3%-ға өседі деп жоспарланып отыр. Мыс өндірісін 502,1 мың тоннаға дейін жеткізу көзделген (+6,6%). Өсім Shagala Mining, BMT Holding Limited және Kyzyl Aray Copper жобалары есебінен қамтамасыз етіледі. Кен шикізатын терең өңдеу жалғасады, мыс, мырыш, қорғасын және алтын құрамды концентраттарға басымдық беріледі.
Машина жасау
Машина жасау саласының өсімі 113,4% деңгейінде жоспарланған. 2026 жылы 204 337 көлік шығарылуы көзделген. Оның ішінде 190 мың жеңіл көлік, 11,5 мың арнайы техника мен жүк көлігі, 2,8 мың автобус өндіріледі. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасы, локомотивтер мен вагондар шығару жоспарланған.
Химия өнеркәсібі
Химия өнеркәсібінде 7% өсім күтілуде. Жаңа қуаттар минералды тыңайтқыш, күкірт қышқылы, натрий цианиді, сутегі пероксиді және сұйық шыны өндірісін ұлғайтуға бағытталған.
Отандық өндірушілерге басымдық
Реттелетін сатып алулар арқылы отандық тауар өндірушілерді қолдау жалғасады. 2025 жылы офтейк-келісімшарттар көлемі 4,7 есе өсіп, 1 трлн теңгеден асты. Ұзақ мерзімді келісімшарттар көлемі 1,6 трлн теңгеден асты.
Арнайы экономикалық аймақтарда 2026 жылы 119 жоба іске асырылмақ. Индустриалды аймақтарда 99 жоба іске қосылуы күтілуде.
Осылайша, өнеркәсіп пен құрылыс салалары өндіріс өсімі, рекордтық тұрғын үй көрсеткіші, жер қойнауын цифрландыру және ауқымды инвестициялық жобалар арқылы жаңа кезеңге өтті. 2026 жылға қойылған міндеттер өндірісті кеңейтуге, шикізатты терең өңдеуге және импортты алмастыру мен экспортты ұлғайтуға бағытталған.
Ең оқылған:
- Қаңтарда жылу ақысы неге көп шыққаны белгілі болды
- Күйеуінің телефонын тексерген: Жуалыда отбасылық жанжал сотқа жетті
- Дүкеннен қымбат күртешені "киіп шыққан" азамат жауапқа тартылды
- Лудоман-бухгалтер 100 миллионнан астам қаржыны бәс тігуге және жаңа көлікке жұмсаған
- Қазақстанда 490 мектеп директоры жетіспейді: Бос орындар қай өңірде көп?
Олжас АДАЙ