61 жастағы зейнет, әлеуметтік төлемдер. Министр бастамалар қалай орындалатынын айтты

6 Қыркүйек 2022, 10:21
1143
Бөлісу:
61 жастағы зейнет, әлеуметтік төлемдер. Министр бастамалар қалай орындалатынын айтты

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында Жолдау қалай жүзеге асырылатынын  айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Алпыс бір жасты белгілей отырып, әйелдердің зейнеткерлік жасын 2028 жылға дейін арттыруға мораторий енгізуді және 2023 жылғы бірінші қаңтардан бастап бала күтімі бойынша төлемдер тағайындау кезеңінің ұзақтығын бір жарым жасқа дейін ұлғайтуды көздейтін заңнамалық түзетулер қабылданады. Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар үшін жұмысынан айрылған кездегі әлеуметтік төлемдердің мөлшері орташа айлық табыстың 45 процентіне дейін ұлғайтылады, - деді Қуантыров.

Оның айтуынша, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап балалардың арнайы жинақтаушы шоттарына Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50 процентін мерзімінен бұрын алу құқығынсыз, кейіннен оларды тұрғын үй сатып алуға және білім алуға пайдалану мүмкіндігімен аударуды көздейтін «Ұлттық қор-балаларға» жобасын іске қосу жоспарлануда.

Сонымен қатар жыл сайын «Самұрық-Қазына» қорының таза кірісінің кемінде 7 проценті «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына аударылатын болады. Тиісті құжатты жыл соңына дейін қабылдау көзделіп отыр.Ел экономикасына бір уақытта үш жүз мың доллардан  астам инвестиция салған шетелдік бизнесмендерге инвестициялық визаны енгізу үшін Көші-қон саясаты тұжырымдамасына және «Халықтың көші-қоны туралы» Заңына өзгерістер енгізіледі. «Мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту» төртінші бағыты бойынша 9 іс-шараны іске асыру көзделген, -деді министр. 

Өзгелердің жаңалығы