Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай шамшырағы қайта жанған көне шаһар Түркістанда 5G жаңа технологиясы іске қосылды. Бұл желі қала тұрғындары мен келетін туристерге сапалы интернетке қосылуға мүмкіндік бермек.
Түркістан қаласындағы жаңа жобаның салтанатты түрде іске қосылуына куә болдық. Қалада 8 жерге жаңа технологияның құрылғылары орнатылды.
5G деген не?
5G – бесінші буын ұялы байланыс стандартының аббревиатурасы. Ұялы желінің өзі өткен ғасырдың 50-жылдарында, алғашқы екі жақты радиобайланыс құрылғылары сынақтан өткен кезде түбегейлі дамыды. Желінің әрбір келесі буыны, соның ішінде 5G байланыс және деректерді беру үшін радиотолқындарды пайдалануды жалғастырады.
5G – қазіргі 4G стандартының «ізін жалғаушы». Жаңа стандарт аудан бірлігіне шаққанда көбірек клиенттік құрылғыларды қолдауға арналған. Тіпті ең жылдам 4G желісі 5G сияқты көптеген құрылғыны басқара алмайды. Біз бір шаршы шақырымға миллион қабылдағыш туралы мәселені айтып отырмыз. Бұл стадиондарда интернетті оңай шарлауға, Жаңа жыл қарсаңында адамдар көп жиналатын алаңнан алыстағы туыстарға қоңырау шалуға немесе әр қадам сайын сымсыз қабылдағыштары бар робот зауытын басқаруға болатынын білдіреді.
Сонымен қатар 5G секундына 20 гигабитке дейінгі жоғары өткізу қабілетіне ие. Бұл қазіргі 4G желілерінен 60 есе көп және гигабайт оптикалық талшықтардан 20 есе көп, олар қазіргі уақытта магистральдық деректер желілері ретінде өте танымал.
Ескі шаһарда жаңа технология
Жоғары айтқанымыздай, Қазақстандағы ең алғашқы 5G-қала Түркістанда құрылды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Рашид Аюпов 5G желісін орнату не себепті тарихи шаһарымыз таңдап алынғанының мәнін түсіндіріп өтті.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында облыс тұрғындарын жақсы жаңалықпен құттықтағым келіп отыр. 30 жыл бір мемлекеттің құрылуы үшін бастама. Түркістан қаласына қатысты саяси шешім қабылданғаннан бері ұлттық идеяға айналып отыр. Әр мемлекеттік, ұлттық компаниялардың және облыс орталықтарының Түркістанға сіңген еңбегі бар. Бүкіл Қазақстан болып, барлық облыс бір-бір ғимараттан салып, 500 жыл қараусыз қалған Түркістанды осындай деңгейге жеткізіп отырмыз. Бұл тек Түркістанның ғана емес, Қазақстанның жетістігі деп айтуға болады. Жаңадан қала салынғаннан кейін жаңа технологияларды пайдалану, оны енгізу өте оңай. Сол себепті серіктес компаниялар 5G жаңа технологиясын енгізіп отыр. Жергілікті әкімдік туристерге және тұрғындарға ыңғайлы жерді белгілеп берді. Қалған жұмыспен операторлар айналысып жатыр, - деді облыс әкімінің орынбасары.
Оның сөзінше, салтанатты іс-шара өткен жерде жеке үйлер болған, ал қазір олардың орнына заманауи кешендер салынды.
Осы жазда серіктестерімізбен барлық жаңа технология осында енгізіледі деп келісімге келдік. Меморандумға қол қойдық. Сөйтіп небәрі 6 айдың ішінде Түркістанда 5G пайда болды. Оқиғаның Түркістаннан басталғанына өте қуаныштымын, өйткені бүгінгі күн – ертеңгі тарих, - деді Рашид Аюпов.
Ол 5G қала тұрғындарына ғана емес, туристерге, саудамен айналысатын азаматтарға өз септігін тигізетінін жеткізді.
Облыс әкімдігінің алдағы мақсаты – бүкіл әлемге Түркістанды тек рухани, бірлескен саяси қала емес, технологиялық тұрғыда дамыған қала ретінде көрсету.
Нүктелер қалалық әкімдікте, Конгресс холда, «Түркістан Арена» стадионында, автовокзалда, Фараб орталық кітапханасында, Батыр жастар сарайында, сондай-ақ халық көп шоғырланған жерлерде орналасқан.
5G желісінің артықшылығы
Әріптестерімізбен бірге біз Түркістанда 5G желісін орнаттық. Яғни Түркістан республикадағы 5G орнатылған жалғыз қала. Бұл қала кездейсоқ таңдалған жоқ, оның ұзақ тарихы бар. Ол тарихи тұрғыдан бүкіл түркі әлемінің мәдени, сауда және экономикалық хабы болды. Қазіргі кездегі басшылық қала осы дәстүрді жалғастыруда, ол цифрлық трансформация саласындағы көшбасшыға айналуда, сондықтан біз жаңа буын 5G желісін орнаттық. Осы жерде мен қала басшылығына алғыс айтқым келеді. Түркістан үшін бұл – үлкен деректерді талдау негізінде басқару шешімдерін қабылдау және қызметі толығымен автоматтандырылатын «ақылды өндірістерді» құру мүмкіндігі бар «ақылды қала» элементі мен Заттар интернеті (IoT) қағидатының дамуындағы жаңа кезең, - деді «Қазақтелеком» АҚ басқарма мүшесі Тимур Құдайбердиев.
Ол 5G технологиясының артықшылығына тоқтала кетті.
Бұл болашақта не береді? Енді серіктестеріміз бен облыс әкімдігі тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру үшін жұмыс істеуі керек. Әрине, 5G жоғары жылдамдықты интернет екені түсінікті. Осы ретте әкімдіктен қоғамға маңызды, атап айтқанда, білім, денсаулық, ауылшаруашылығы салаларына жаңа технологияны енгізеді деп күтеміз. Себебі 5G технологиясының өте ауқымды цифрлық артықшылығы бар. Бұл деректерді сараптауға мүмкіндік беретін жүйе. Сонымен қатар ол қарапайым пайдаланушы үшін де ыңғайлы. Жобаны іске қосуына қостық, енді барлық қолданушы жеке, экономикалық пайдалары үшін қолдана алуы үшін көп жұмыс істеу керек, - деп толықтырды Тимур Құдайбердиев.
Жоба операторларының айтуынша, абоненттердің жеке деректерін қорғауға ерекше назар аударылады.
Әлемде 6 жыл ішінде 4G-ға қосылым млрд-қа жетсе, 5G-ді пайдаланушылар саны шамамен 3 жылдың ішінде млрд-қа жетеді деп күтіліп отыр.
Түркістан – инновациялар орталығы
Kcell АҚ бас атқарушы директоры Юрий Харламов салтанатты іс-шара кезінде Түркістан – инновациялар орталығына айналғанына тоқталды.
Расымен де, осы жоба бойынша әңгіме жазда әкімдікте өткен болатын. Әкім Қазақстандағы алғашқы 5G желісін Түркістанда іске қосуды ұсынды. Бұл идеяны біз бірден қолдадық. Өйткені 2022-2026 жылдарға арналған стратегиямызда осындай технологияларды енгізу қарастырылып отыр. Біз үшін Түркістан тек мәдени, тарихи орталық қана емес, ол инновациялар орталығына айналып отыр. Жаңа технологиялардың арқасында байланыс сапасын әлдеқайда көтергіміз келеді. Қазіргі күні 5G Oppo, Xiaomi смартфондарында қолжетімді. Сонымен қатар тестік режимде Samsung смартфондарында жұмыс істейді. Қазіргі күні келесі жылдан бастап 5G технологиясы қолжетімді болуы үшін Apple-мен белсенді келіссөздер жүргізіліп жатыр, - деді ол.
Айта кетейік, бұл жоба ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырып іске қосылды.
Мобильді технологиялар біздің өміріміз бен жұмысымыздың ажырамас бөлігіне айналды. Пандемия өз кезегінде көптеген салада цифрландыруды жеделдетті. Соңғы 10 жылда мобильді трафик 300 есеге өсті, ал 5G технологиясы байланыс тарихындағы ең жылдам дамып келе жатқан технологияға айналып отыр. Ericsson Mobility Report 2021 есебіне сәйкес 2027 жылдың соңына қарай 5G желілерінде 4,4 млрд қосылым болады, бұл – әлемдегі барлық мобильді қосылымдардың жартысына жуығы.
Жоба авторларының айтуларынша, 5G технологиялары абоненттер арасында да, өндірістік кәсіпорындарда да басқару мен бақылаудың алуан түрлерін, жабдықтар мониторингін және процестерді автоматтандыруды енгізу үшін сұранысқа ие болады.
Ұзақ мерзімді ынтымақтастық аясында біз 5G телекоммуникациялық технологияларын енгізуге қуана қолдау көрсетіп отырмыз. Болашақта 5 жыл көлемінде 5G желілерінің әрекет ету аймағында бесінші буын байланысына мобильдік қосылымдардың шамамен 50%-ы және смартфондардың әлемдік трафигінің 62%-ы тиесілі болады. Серіктеспен бірлескен жоба Қазақстандағы цифрлық экожүйені одан әрі дамыту үшін техникалық негіз болады және абоненттер үшін де, бизнес үшін де жаңа технологиялардың қолжетімділігін арттырады, - деп атап өтті Шығыс Еуропа және Ericsson компаниясының Орталық Азия өңіріндегі радио және көлік желілерін дамыту жөніндегі вице-президенті Анатолий Ильяич.
Айта кетейік, 5G-мен қамту Ericsson Radio DOT System технологиясы арқылы қамтамасыз етіледі, ол желінің өткізгіштік қабілетін арттырады және байланыстағы үзілістерді болдырмайды.