5500 темекі тұқылы, 57 ыдыс: Еріктілер елорда тазалығына жұмылды

Бұлақтың көзін ашу – игі іс.

Бүгiн 2026, 00:56
АВТОР
 Астана Тазалық Бүгiн 2026, 00:56
Бүгiн 2026, 00:56
146
Фото: Астана Тазалық

Мемлекет басшысы биыл белсенді жастармен кездесу кезінде экологиялық мәдениетті қалыптастыру ісінде білім жүйесіне баса мән беру керектігін атап өткені белгілі. Елордада «Таза Қазақстан» акциясы аясында бұл іске жас өрендерді жұмылдыру бағытында іргелі іс-шаралар жүзеге асуда.

Тазалықтың тірегі – тәрбие. Балаларды экологиялық мәдениет пен еңбекке мектеп жасынан баулу қажет. Сондықтан экологиялық акцияларға оқушылар мен студенттердің белсене қатысқаны жөн. Сондай-ақ оқушылар мен студенттердің экология мәселесіне арналған ғылыми ізденістеріне жан-жақты қолдау көрсету керек, - деген еді Президент.

Осы орайда «Астана Тазалық» кәсіпорны қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға бағытталған көптеген жобаны қолға алды. Жалпы, мекеме санитарлық тазалаумен қатар, ауқымды көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын жүргізуде. Қала аумағында шамамен 1000 түп ағаш отырғызылып, 6 аудан бойынша абаттандыру жұмыстары атқарылды. Мұның бәрі қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға және тазалық мәдениетін дамытуға бағытталған. 

Бұл жүйелі жұмыс бүгінде жемісін бере бастағаны байқалады. Қала тұрғындары сенбіліктерге белсенді қатысып, аулалары мен подъездерінің тазалығына көңіл бөлуді дағдыға айналдырды. Бұл қоғамда жаңа экологиялық мәдениеттің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Кәсіпорын имидждік және әлеуметтік жобаларды да белсенді жүзеге асыруда. 2025 жылы «Таза Қазақстан» аясында 50-ге жуық ақпараттық, танымдық және әлеуметтік бейнеролик дайындалып, жарыққа шықты. Олардың ішінде балаларға арналған 10 анимациялық бейнеролик бар. Бұл роликтерде пластик қалдықтарының 400 жылға дейін ыдырамайтыны, жалғыз ағаштың өзі ауаны тазартып, шаңды ұстай алатыны, коммуналдық қызметкерлердің еңбегін құрметтеу қажеттігі, әр адамның тазалықты сақтауға жауапты екені қарапайым тілмен жеткізілген.

Сонымен қатар бейнероликтерде қоршаған ортаны қорғау мәселелері, оның ішінде табиғат пен әлемдік мұхиттың ластануы сияқты жаһандық тақырыптар да қамтылды.

Экологиялық мәдениетті дамыту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі биыл үшжақты меморандумға қол қойылуы болды. Бұл келісім «Астана тазалық» кәсіпорны, қалалық кәсіптік-техникалық колледж және Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығы арасында жасалып, жастардың экологиялық санасын арттыруға, әлеуметтік жауапкершілігін күшейтуге және қалалық ортаға ұқыпты қарау мәдениетін дамытуға бағытталды. Меморандум аясында бірлескен ағаш отырғызу акциясы ұйымдастырылып, 100-ден астам көшет егілді. Бұл бастама қоғамдағы түрлі сала өкілдері ортақ мақсатқа біріге алатынын көрсетті.

Осы жылдың сәуір айында «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы ұйымдастырылды. Іс-шараға «Астана тазалық» мекемесінің 50 қызметкері мен 50 ерікті қатысып, бұлақ көздерін ашу және аумақты қоқыстан тазарту жұмыстарын жүргізген екен. «Акция барысында 3 шақырым аумақ тазартылып, су айдындарынан 5500-ден астам темекі қалдығы, 57 шыны ыдыс, велосипед дөңгелегі және түрлі пластик қалдықтары шығарылды.

«Мөлдір бұлақ» акциясы – табиғатты аялау мен қорғаудың, сондай-ақ қоғамдық бірліктің жарқын үлгісі. Мұндай бастамалар арқылы тұрғындар табиғатқа деген жанашырлықты терең сезініп, ортақ іске белсене араласуда» дейді кәсіпорынның баспасөз хатшысы Қымбат Бақыткелді.

Сонымен қатар 2025–2026 жылдары 200-ден астам ақпараттық және креативті пост жарияланып, экологиялық мәдениетті насихаттау жұмыстары жүйелі түрде жалғасқан көрінеді.

Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Биыл халқымыздың тазалық мәдениетінің тарихын сипаттайтын деректі фильм түсіру жоспарлануда.

Жоба аясында әл-Фараби мұрасы, Отырар мен Сауран қалаларындағы тарихи инфрақұрылым үлгілері арқылы халқымыздың тазалық пен тәртіпке ежелден ерекше мән бергені кеңінен көрсетілмек. Кәсіпорын елорданың экологиялық ахуалын жақсарту, тұрғындардың өмір сапасын арттыру және тазалық мәдениетін дамыту жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыра бермек.

 

Наверх