Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін елімізде латын графикасы негізінде қазақ тілінде «2019 jyl – Jastar jyly» атты жалпы қазақстандық ашық диктант өтті. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жобасы Жастар жылына арналды, деп хабарлады Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайты.
Диктант бір уақытта Нұр-Сұлтан қаласында, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында және республиканың барлық аймақтарында жазылды. Қарағанды облысында жалпы республикалық акцияға 5000-нан астам адам – студенттер, оқытушылар, мемлекеттік қызметкерлер, этномәдени бірлестіктердің өкілдері қолдау көрсетті. Қатысушылар Қарағанды қаласының Достық үйінде, оқу орындарында, аймақтық кітапханаларда жиналды."Диктант жазу қиын емес еді. Достық үйінің лингафондық кабинетінде қазақ тілін оқимын. Бұл жобаға екінші рет қатысудамын. Ақпараттық технологиялар ғасырында біз уақыт өте келе алға жылжуымыз керек. Латын әліпбиіне көшу – уақыт талабы. Бұл қазақстандық қоғамның рухани жаңғыруына, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге және оның болашағын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - деп атап өтті облыстық украиналық Т. Шевченко атындағы «Рідне слово» орталығының төрайымы Зеновия Красивская.
Жобаның мақсаты – жалпыұлттық бірлік пен келісімді нығайту, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыруға жәрдемдесу, халық пен қоғамды біріктіретін фактор ретінде мемлекеттік тілді үйренуге деген уәждемені арттыру.
Диктантты мамандар тексереді. Үздік қатысушылар ҚХА алғыс хаттарына ие болады.