Алматы облысында 50 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барады

22 Тамыз 2019, 15:23
1995
Бөлісу:
Алматы облысында 50 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл Алматы облысында 50 мыңға жуық бала бірінші сыныптың табалдырығын аттамақ. Бұл туралы бүгін Талдықорғанда өткен мұғалімдердің тамыз кеңесінде облыс әкімі Амандық Баталов айтты, деп хабарлады Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Білім саласының өзекті мәселелері мен алдағы міндеттер туралы мәселелер талқыланған жиында жасаған баяндамасында облыс басшысы Амандық Баталов Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Bіlіm jáne Gylym!» Республикалық тамыз педагогикалық кеңесінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім саласын дамытуда жаңаша талаптар мен үдерістерге сай болу міндеттерін қойғанын атап өтіп, жаңа оқу жылындағы іске асырылуы тиіс іс-шараларға тоқталды.

Бұл орайда оқу ісін қаржыландыру да жылдан жылға өсіп, жаңа мектептер қатары толыға түсуде. Мәселен, мемлекет қолдауының арқасында биылғы жылы облыста білім саласының 20 нысаны, яғни 15 мектеп пен 4 колледж салынуда. Осы мақсатқа 9,9 млрд теңге бөлінсе, материалдық-техникалық базаны нығайтуға 8,2 млрд теңге қарастырылған.

"Алдын ала жүргізілген есептеулер бойынша жаңа оқу жылында 50 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барады. Бұл ретте соңғы 5 жылда облыс халқының саны 300 мыңға артқанын айта кету керек. Осыған байланысты қосымша шаралар қабылдауымыз керек", - деп атап өтті Амандық Баталов.

Облыстық білім басқармасы, аудан, қала әкімдері жергілікті жерлердегі демографиялық және миграциялық көрсеткіштерді бақылап отыруды және жекеменшік мектептер салуға кәсіпкерлерді тартуда нәтижелі жұмыс жасауды тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы