50 адамы бар ауылдарға интернет тарту тиімсіз – әкім

20 Маусым 2022, 16:34
1421
Бөлісу:
50 адамы бар ауылдарға интернет тарту тиімсіз – әкім

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыс әкімі Ғали Есқалиев айтты. 

30-50 адамнан тұратын шағын ауылдарымыз бар. Ол жерлерге мемлекеттік тұрғыдан да, мобильдік операторлардың ережелері бойынша да интернетті жеткізу мүмкін емес, өйткені тиімсіз, - деді ол өз сөзінде.

Ғали Есқалиевтің сөзінше, интернет тарту мәселесін тұрғындарының саны 100-ден асатын ауылдарда ғана шешу қарастырылған. 

Батыс Қазақстан облысында 416 ауыл бар. Біздің мақсатымыз бірінші кезекте 100-ден астам халқы бар ауылдарға интернет және мобильдік байланыс өткізу. Былтыр тиісті жоспарды бекітіп, сол жоспар бойынша қазір жұмыстар атқарып жатырмыз. Былтыр мобильді операторлармен бірлесіп, 72 ауылдық елді мекенге мобильді байланысты жеткіздік немесе интернет сапасын арттырдық. Енді биылғы жылдың жоспары кем дегенде 134 ауылдық елді мекенге интернет пен мобильдік байланысты жеткізу немесе сапасын арттыру. Ең үлкен ауылдардың мәселесін биыл шешуіміз керек, - деді ол.     

Айта кету керек, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев бұл мәселені ауылда интернет сапасын күшейту бағытында жобалар жүзеге асырыла ма деген журналист сұрағына жауап беру барысында айтты.  

Өзгелердің жаңалығы