Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй сертификаттары 2019 жылдан бастап беріле бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, 2019 жылы 21 азаматқа, 2020 жылы 101 азаматқа, 2021 жылы 416 отбасыға қайтарымсыз негізде бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін әлеуметтік көмек ретінде тұрғын үй сертификаттары табысталған болатын.
2022 жылы 58 азаматқа тұрғын үй сертификаттары берілген. Атап айтсақ, Шымкентте мемлекеттік жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар арқылы баспаналы болған тұрғын үй кезегіндегі 153 отбасыға тұрғын үй сертификаты берілді. Қайтарымсыз негіздегі әлеуметтік көмекті алушылар қатарында 67 көпбалалы отбасы, 13 толық емес отбасы, 69 ерекше бала асыраушы отбасы және 4 бюджеттік ұйым қызметкерлері бар. Тұрғын үй сертификатына өтінімдер www.kezekte.kz интернет ресурсы арқылы қабылдануда, - делінген хабарламада.
Бұл жеңілдікке азаматтар «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие негізінде «2-10-20 Бақытты отбасы», «5-10-20 Шаңырақ» бағыттары шеңберінде тұрғын үй сатып алу барысында банк мақұлдауын алғаннан кейін ипотекалық тұрғын үй қарыздарының бастапқы жарнасының бір бөлігін жабу үшін өтінім жолдай алады.