Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов еліміздегі ғылым саласына қатысты өзекті сұрақтарға жауап берді.
Айтуынша, ғылымды басқару жүйесін жаңғырту, ғылыми әлеует сапасын арттыру, инновацияларды енгізу және қаржыландыру жөніндегі Мемлекет басшысы міндеттеген тапсырмалары жүзеге асыру үшін түбегейлі жаңа шешімдер қабылданып жатыр.
Қазіргі уақытта елімізде 386 ғылыми ұйым бар. Онда шамамен 22 мың маман жұмыс істейді. Қызметкерлердің 33%-ында ғылыми дәреже бар, нақтырақ айтсам – 1703 ғылым докторы, 4240 ғылым кандидаты, 1045 Ph.D докторы мен өз саласы бойынша 317 доктор. Орта есепен алғанда, бұл 1 млн халыққа 930 ғалымнан келеді деген сөз. Салыстыратын болсақ, Қытайда бұл көрсеткіш – 1235-ке, Грузияда – 1340-қа, Болгарияда – 2130-ға, Ресейде – 2851-ге, ал АҚШ-та 4256-ға тең. Динамикаға көз жүгіртсек, 1980 жылы бізде 37 390 ғалым, 1990 жылы 50 627 ғалым болған екен немесе 1 млн адамға 2 166 ғалымнан келген. Көріп отырғанымыздай, ғалымдарымыздың саны, осыдан 30-40 жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырсақ, күрт азайған. Сәйкесінше, сала қызметкерлердің ғылыми дәрежеге ие болу көрсеткіші де төмендеген. Дегенмен, соңғы жылдары жас мамандардың ғылым саласына бет бұруы көңілге сенім ұялатады. Қазіргі ғылыми қызметкерлердің 34%-ын 35 жасқа дейінгі жастар құрайды - дейді министр "Егемен Қазақстан" газетіне берген сұқбатында.
Сонымен қатар ол ғылым саласындағы негізгі мәселелердің бірі – ғылыми қызметтің аз қаржыландырылуы екенін айтады.
2018 жылы барлық қаржыландыру көздерінен ғылыми зерттеулерге бөлінген шығыстар көлемі Қазақстанда ЖІӨ-нің 0,12%-ын құраса, дәл осындай көрсеткіш Арменияда 0,3%, Украинада –0,5%, Беларусияда– 0,6%, Ресейде – 1,2%, ЭЫДҰ елдерінде – 4%, Оңтүстік Кореяда –5%-ды құрады. Соңғы өткізілген гранттық жобалар конкурсына ғалымдардан 5 мың өтінім түскенмен, қаржыландырудың жеткіліксіз болуына байланысты 4 мың жоба кері қайтарылды. Қаржыландыруға іліккен жобалардың бюджеті де біршама қысқартылды, бұл өз кезегінде, жобалардың сапасы мен нәтижесіне әсер етпей қоймайды - дейді Асхат Аймағамбетов.