Асхат Аймағамбетов робототехникадан ҚР құрамасының педагог-жаттықтырушылары Асылбек Мырзахметовпен және Нұрдәулет Досмағамбетпен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Министр әріптестерін Швейцарияда өткен робототехникадан FIRST GLOBAL CHALLENGE - 2022 әлем чемпионатындағы оқушыларының жеңісімен құттықтады.
Жаттықтырушылар чемпионатқа дайындық және Индонезия, Черногория, Исландия Перу және Ливан елдерінің өкілдерінен келесі жылы осы елдердің командаларын дайындау үшін ұсыныстар түскені туралы айтты.
Бізде робототехника қозғалысы жылдам дамып келеді. Мұндай ұсыныстардың түсуі жұмысымыздың нәтижесін, еліміздің робототехника саласындағы жоғары жетіктіктерінің көрсеткіші. Көптеген баланың осы бағытқа қызығушылығы жоғары. Мектептерде робототехника кабинеттері ашылып жатыр. Министрдің бірден балаларға хабарласып, арнайы құттықтағанына қатты қуандық. Министрліктің оқушыларды робототехникаға тартуға қолдау көрсетіп, осы қозғалысты дамытып жатқаны қуантады, - деп айтты Нұрдәулет Досмағамбет.
Ұлттық құрама жаттықтырушылары Қазақстанда робототехниканы одан әрі дамытуды көздеп отырғанын айта кетейік. Министрмен бірге мұғалімдер осы бағыттағы бірлескен жұмыстарды талқылады. Асхат Аймағамбетов 2023 жылы робототехникадан ауқымды халықаралық жарысты өткізуді қолдады.
Соңғы жылдары елімізде үш мыңға жуық робототехника кабинеті ашылды. Кабинеттер қажетті құрал-жабдықтармен, оқу жинақтарымен және оқу-әдістемелік құралдармен жабдықталған. Сондай-ақ балаларға арналған арнайы білім беру бағдарламалары әзірленген.