5-10 жылда 239 жаңа кәсіп пайда болады – вице-министр

25 Мамыр 2022, 10:00
2300
Бөлісу:
5-10 жылда 239 жаңа кәсіп пайда болады  – вице-министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өзбекстанда өтіп жатқан «Орталық Азиядағы экономикалық даму үшін тиімді басқару» халықаралық конференциясы барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов көрші елдердегі әріптестеріне елдегі әлеуметтік-еңбек саласын цифрландырудың ерекшеліктері туралы айтып берді.

Еңбекті цифрландыру процестерін жетілдіруді және олардың әлемдік экономикадағы рөлін талқылауға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның орталық мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты.

«Еңбек нарығының цифрлық технологиялары: қарапайым бизнес-процестер және еңбек қатынастарының трансформациясы» панельдік сессиясында сөйлеген сөзінде Ақмәди Сарбасов технологиялардың қарқынды дамуы, демографиялық өзгерістер мен пандемия еңбек нарығына айтарлықтай әсер ететінін атап өтті.

Бұлтты технологиялар, жасанды интеллект, роботтандыру біздің өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Нәтижесінде еңбек нарығында жаңа мамандықтар пайда болады. Қазақстанда алдағы 5-10 жылда экономиканың 9 саласында 239 жаңа кәсіп пайда болуы мүмкін, ал 95 кәсіп трансформациялануда. Бұл ретте елдегі жұмыс орындарының 52%-ы автоматтандырудың жоғары тәуекеліне ұшырайды. Әрбір 2-ші қызметкер қайта даярлаудан өтуге мәжбүр болады. Жаңа дағдыларды меңгеру - табысты қызметтің кілті. Сондықтан кадрларды жылдам әрі икемді даярлау үшін жағдай жасау маңызды, – деді Ақмәди Сарбасов.

Ол жақын арада жұмыс күшінің сапалы құрылымының өзгеруі және еңбекке қабілетті жастар ағынының артуы мүмкін екенін, бұл еңбек нарығына қосымша жүктеме әкелетінін айтты.

2030 жылға қарай Қазақстандағы жұмыс күшінің 37% - ы «Z» буыны болады. Ал ұрпақтардың ауысуы жастардың еңбек қызметіне деген көзқарастарының өзгеруімен қатар жүреді. Бұл икемді жұмыс кестесі үшін қаржылық жеңілдіктерге баруға дайын ұрпақ, олар үшін кәсіби және жеке өмір арасындағы тепе-теңдік маңызды. Сондықтан жұмыс берушілерге таланттарды сақтап қалу үшін жаңа талаптарға бейімделу маңызды болады, – деп атап өтті ол.

А. Сарбасов сондай-ақ жұмыспен қамтудың стандартты емес түрлерінің көбеюі байқалғанын атап өтті – 10 жыл ішінде әлемде цифрлық еңбек платформаларының саны 5 есе өсті. Платформалық жұмыспен қамту көптеген адам үшін ақша табудың және кәсіби дамудың нақты әдісіне айналуда.

Жаһандық компаниялардың 40% - ы өз жұмысында фрилансерлер санын арттыруды жоспарлап отыр. Ал Қазақстанда, біздің бағалауымыз бойынша, бүгінде 300 мыңға жуық фрилансер жұмыс істейді, – деді Ақмәди Сарбасов.

Бұдан әрі ол аталған сын-тегеуріндерді ескере отырып қалыптастырылған бірқатар жаңа стратегиялық бастамаларды ұсынды. Олар нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және халықтың табысын 2025 жылға қарай 27% - ға арттыру жөніндегі міндеттерді шешуге көмектесуі тиіс. Жалпы бастамалар 4 бағытты іске асыруға бағытталған:

– оқыту және қайта даярлау арқылы жұмыс күшінің сапасын арттыру;

– заңнамалық реттеу арқылы еңбек нарығын ырықтандыру және жұмыстың икемді түрлерімен қамтылған қызметкерлерді әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету;

– халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру үшін еңбек нарығының инфрақұрылымын дамыту;

– еңбек нарығының цифрлық экожүйесін құру арқылы қызметтерді ауқымды цифрландыру.

Ақмәди Сарбасов ұлттық біліктілік жүйесін жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы да айтты: кәсіптік стандарттарды әзірлеу жалғасады және біліктілікті тану орталықтары арқылы машықтарды сертификаттау жүргізіледі. Бұдан басқа «Кәсіптік біліктілік туралы» заңды әзірлеу және Ұлттық біліктілік органын құру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Бірінші вице-министр әлеуметтік-еңбек саласын ауқымды цифрландыру туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Электрондық еңбек биржасы базасында Жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық экожүйесі немесе басқаша айтқанда, халыққа арналған жұмыспен қамту қызметтерінің онлайн супермаркеті құрылды. Бұл экожүйе азаматтарды қызмет таңдаудан бастап еңбек қатынастарын рәсімдеуге дейінгі кәсіби жолында сүйемелдейді, – деді ол.

Экожүйе бірнеше элементтерден тұрады: Enbek.kz жұмысқа орналастыру жөніндегі бірыңғай цифрлық алаңы, Skills Enbek онлайн оқыту платформасы, Business Enbek және HR Enbek платформалары, сондай-ақ кәсіптер бойынша жоспарланған Цифрлық нұсқаулық.

Сонымен қатар Ақмәди Сарбасов қатысушыларды «Отбасының цифрлық картасы» жобасының іске асырылуы туралы хабардар етті.

Бұл құрал әлеуметтік қауіп-қатер аймағындағы отбасыларды жедел анықтауға және оларға қажетті қолдау шараларын көрсетуге мүмкіндік береді. Жүйе мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелерінен деректерді жинайды, соның негізінде табыс, денсаулық, білім, тұрғын үй және әлеуметтік жағдайлар сияқты белгіленген критерийлер бойынша отбасының әл-ауқатын бағалайды. Бұл отбасылардың қажеттіліктерін автоматты түрде анықтауға және оларға тиісті әлеуметтік қолдау көрсетуге мүмкіндік береді, – деді ол.

Бірінші вице-министр аталған бастамалар негізгі стратегиялық құжаттарда көрініс табатынын және халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасында, кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасында, әзірленіп жатқан «Кәсіптік біліктілік туралы» заңда және Әлеуметтік кодексте заңнамалық деңгейде бекітілетінін атап өтті.

Сөзінің соңында Ақмәди Сарбасов былтыр жарияланған Қазақстанның еңбек нарығы туралы алғашқы ұлттық баяндаманы ұсынды. Ол еңбек нарығы бойынша өзекті тақырыптарды қозғайтын 6 тараудан тұрады: жаһандық трендтер, экономика, жұмыссыздық, адами капитал, көші-қон және еңбек ресурстарының болжамдары.

Дүниежүзілік банк «Орталық Азиядағы экономикалық даму үшін тиімді басқару» халықаралық конференциясын Өзбекстанның қаржы, экономикалық даму және кедейлікті азайту, сондай-ақ жұмыспен қамту және еңбек қатынастары министрліктерімен бірлесе отырып өткізді. Іс-шара саясатты тиімді басқару және іске асыру үшін шынайы деректерді пайдалануды ілгерілетуге бағытталған.

Конференцияға Орталық Азияның барлық өңірінен нақты деректерге негізделген саясат пен реформаларды әзірлеу жөніндегі сарапшылар қатысты. Қатысушылар мемлекеттік саясат үшін деректерді өндіру, талдау және пайдалану, нақты деректерге негізделген саясатты іске асыру барысы және азаматтық қоғамның рөлін нығайту тәсілдері арасындағы өзара іс-қимылға қатысты тәжірибелерді бөліседі.

Өзгелердің жаңалығы