Павлодар. BAQ.KZ тілшісі. 1,5 жылға жуық уақыт бойы Павлодар облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатқан Кәрім Тәңірбергеновке Елордадағы ұлттық нейрохирургия орталығында ота жасалатын болды.
Көптен күткен операция үстіміздегі жылдың 12 маусымында жасалмақ. Мамандардың айтуынша, ота бірнеше кезең бойынша жүргізіледі. Мамандардың айтуынша, алдымен мойын омыртқасының шығып кеткен бөлігінің жарақаты емделеді. Кейін артқы арқа және сопақша миды босату бойынша тиісті әрекеттер жасалмақ.
Павлодар облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Ирина Орсагаоштың айтуынша, 2 жасқа енді толған балаға мұндай күрделі ота алғаш рет жасалғалы отыр. Бұл - аймақтың және еліміздің медицина саласындағы ерекше операция болмақ дейді маман.
Осы жылдың 30 сәуірінде Кәрім Тәңірбергенов санитарлық авиациямен Нұр-Сұлтан қаласына жеткізілді. Бүгінгі күнге дейін ауыр халдегі сырқат операцияға дайындалды.
«Баламның жағдайы ауыр. Біздің көкейімізге Ресейдің Қорған қаласындағы мамандар үміт отын жақты. Олардың ойынша, ота жасауға болады. Олардың айтуынша, операцияға қажетті металлконструкцияларды тапсырыспен жасауға болады. Бағасы 2 млн теңге екен. Ондай қаражатымыз жоқ, әрине. Керек болса, ата-анам үш бөлмелі пәтерін сата алады», - дейді Кәрімнің анасы Гүлмира Жанайдарова.
Еске салсақ, Ақсу қаласының кішкентай тұрғыны жекеменшік мануальді терапевттің қабылдауынан кейін облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне түсті. Қабылдаудан кейін екі мойын омыртқасы сынған. Бүгінгі күнге дейін қазақстандықтардың көмегімен отаға 3 млн теңге жиналды.