Қазақстанның соңғы жаңалықтары

47 адам көз жұмған: Жыл басынан бері СҚО-да 532 жол апаты тіркелді

28 Қараша 2025, 22:25
303
Бөлісу:
 Polisia.kz
Фото: Polisia.kz

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов Петропавл қаласы маңындағы көлік қозғалысы қарқынды учаскелерді аралап, жол қауіпсіздігі жағдайымен танысты. Ол сондай-ақ полицияның кешенді күштерінің саптық қарауын өткізіп, ауа райы қолайсыз кезеңде жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайындықты тексерді, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Саптық қарау барысында Қабдұлдинов қызметкерлерге жол қозғалысын қатаң бақылауды қамтамасыз ету, азаматтардың өмірі мен денсаулығына төнетін тәуекелдерді азайту жөнінде тапсырма берді. Нөсер, қар немесе көктайғақ кезінде жүргізушілердің қысқы шиналарға уақытылы көшуі, жылдамдық режимін сақтауы және маневр жасау ережелерін орындауының маңыздылығы атап өтілді. Шаршаған күйде көлік жүргізуге тыйым салу да ерекше назарда болды.

Одан кейін департамент басшысы «Оңтүстік» бақылау-өткізу пунктіндегі патрульдік полиция жұмысымен танысты. Мұнда инспекторлар жүргізушілерге профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Қабдұлдинов «ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалы өкілдерімен бірге «Оңтүстік» бекетінен Омбы айналма жолына дейінгі қауіпті учаскені де аралады. Бұл – облыс орталығы маңындағы ең апатты аймақтардың бірі. Биыл осы жол бөлігінде екі өліммен аяқталған жол-көлік оқиғасы тіркеліп, нәтижесінде 6 адам қаза тауып, 1 адам жараланды.

Жалпы, жыл басынан бері СҚО-да 532 жол-көлік оқиғасы орын алып, 47 адам көз жұмған, 699 адам жарақат алған. Жол қауіпсіздігіне әсер ететін негізгі проблемалардың бірі – мас күйде көлік жүргізу. Өңірде 1 075 мас жүргізуші анықталды, олардың 394-і бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған. Сондай-ақ 37 жүргізушіге қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Полиция департаменті жол ережелерінің өрескел бұзылуын, мас жүргізушілерді және бұрын құқығынан айырылғандарды анықтау жұмыстарын «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясындағы негізгі басымдық ретінде жалғастыра бермек.

Өзгелердің жаңалығы