450-500 мың теңге таза пайда. Зейнеткер таңқурайдан табар табысы туралы айтты

27 Тамыз 2022, 13:23
2264
Бөлісу:
450-500 мың теңге таза пайда. Зейнеткер таңқурайдан табар табысы туралы айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауларында халықтың әл-ауқатын жақсартуға үнемі басымдық беріп келеді. Бұл ретте халық мемлекеттен атаулы көмек, несие алып қана қоймай, өз жағдайларын өздері жасауға да үйренгендері жөн, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Өмірлік тәжірибесі мол, бүгінде зейнетте отырған қариялар өздерінің тиянақты істерімен жастарға үлгі көрсетіп отырса бұған қалайша қуанбайсың. Сондай азаматтар қатарына Жамбыл облысы Байзақ ауданы Сарыкемер ауылында тұратын 71 жастағы зейнеткер, ауданның Құрметті ардагері Нұртаза Аманғозиев.

Нұртаза жастайынан еңбекке құштар болып өскен. Кешегі Кеңестер Одағы кезінде колхоздың жыл он екі ай бойы кезектесіп келіп жататын науқанды жұмыстарынан шет қалған емес. Кейінірек су барлау экспедициясында еңбек етіп, зейнетке шықты. Зейнетке шыққаннан бастап қарап отырмай үй іргесіне жеміс ағаштарын, көкөніс егіп, өсіруді қолға алды. 

Келе-келе үй маңындағы бақшасын кеңейтіп, одан табыс табуды қолға алған.

Аталған үйге келгенімізде Нұртаза аға қақпа алдында бізді күтіп алды. Амандық-саулық сұрасып жатқанымызда біздің көзіміз қақпа жанындағы қора үстіне өсірілген асқабаққа түсті. Мұны бірден байқаған ағамыз мән-жайды сол жерде бірден түсіндіре бастады.

450-500 мың теңге таза пайда. Зейнеткер таңқурайдан табар табысы туралы айтты

Біз кейінгі 10 жылға жуық уақыттан бері үй  маңындағы егістікті кеңейтіп оған мән бере бастадық. Бұрынғыдай бұл жерден жиналған өнімді қанағат тұтпай, енді табыс табу жағын ойластырдық. Негізгі кәсіп ретінде 2 соттық жерге «Полька» сортты таңқурай (малина) егіп, оның өнімін сатуды қолға алдық. Таңқурайға дұрыс күтім болса ол қар түскенше өнім береді. Одан басқа бақшада 15-20 түп жүзім, 10 түп әртүрлі жеміс ағаштары бар. Ал мына сіздердің көздеріңіз түсіп тұрған асқабақ жердің жетіспеуінен қора іргесіне егіліп, арнайы жасалған ағаш саты арқылы қора төбесіне көтеріліп, жайылған. Бүгінде түйіндері үлкейіп, пісуге жақын қалды, - деген Нұртаза ағай бірден бақшаға қарай жол бастады.

Иә, ағай айтса айтқандай үйінің маңайы түгел тал-терек, жеміс ағаштары, қып-қызыл болып өскен таңқурайлары көз сүріндіреді. Жердің тарлығынан қиярлары да жүзім сатылары мен жеміс ағаштарын бойлай өсіп, өз өнімін салып тұр. Ағамыздың жердің тарлығына байланысты асқабақ пен қиярды өсірудегі тапқырлығына тәнті болмасқа шара қалмады. Міне тірліктің көзін табу деген осы емес пе? Барлығының да шығымы жақсы, өнімі мол. Үш сотықтан аса жерге егілген бақшаны ағамыз құдық суымен суаратынын білдік. Міне осындай бақшаға арық суы уақытында келіп тұрса қандай жақсы болар еді. Рас, ерте көктемде жауын-шашын көп болды. Алайда «жеті күн жауған жаңбырдан, желіп өткен су артық» демекші арық суының дихандар үшін ауадай қажет екені айтпаса да түсінікті.

Таңқурайымызға сұраныс көп. Тіпті алдын ала хабарласып, жазылып қоятындар да бар. Сондықтан да ерте көктемнен бастап бақшадан шықпаймыз. Таңқурай толық піскенде жолдасым Бибінұр екеуіміз тыным таппаймыз. Қажет кезінде балаларым мен немерелерімде жанымнан табылады. Олар арам шөптерді жұлып, жеміс түптерін қопсыту тәрізді жұмыстарға да қатысады. Уақытылы суарып тұрады. Уақытында суарып, дұрыс күтім жасалса  таңқурайдың 1 түбінен 5-7 келіге дейін өнім алуға болады. Жыл сайын жас буындарын көшеттесе 2-3 жылда олда өнім бере бастайды. Біз жыл сайын жас көшеттерді де сатып, пайда табамыз. Көшеттерді отырғызып, оны күтіп ұстау туралы өз тәжірибемізді бөлісеміз. Өзіміз кәсіп етіп отырған таңқурайдың өзінен базарға апармай-ақ үйде отырып, бір маусымда 450-500 мың теңгеге дейін таза пайда табамыз. Ал, алма, асқабақ, жүзім, қызанақ, қиярларды өзіміз пайдаланамыз, кейде артығын  ағайын, көршілерге де береміз. Олар алғыстарын айтып жатады. Қазақта «алтын алма, алғыс ал» деген жақсы сөз бар емес пе? Мен үшін алғыстан асқан байлық жоқ, - дейді ағамыз ағынан жарылып.

Нұртаза аға әңгіме арасында жердің жетіспеуінен биылғы ерте көктемде аула сыртындағы аядай жерді қоршап, картоп еккенін айтып қалды. Саман асты тәртібімен егілген картоптың да шығымы жақсы, гүлдей бастаған. Мұның да күні ертең-ақ мол өнім беретіні байқалып тұр.

Міне, осылайша мемлекеттен ешқандай несие алмай, Үкіметке қол жаймай өз жағдайын өзі жасап отырған сарыкемерлік Нұртаза ағамыздың тындырымды тірлігі өзгелерге үлгі болуы тиіс. «Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» демекші қос ардагер Нұртаза ағай мен Бибінұр апайдың шаруалары шалқып, несібелері күн сайын арта берулеріне біз де тілектеспіз.

Өзгелердің жаңалығы