Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде соңғы бір жылда 44 397 шағын және орта бизнес субъектілеріне салықтық рақымшылық жасалған.
Бүгін ҚР Президентінің жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде Қаржы министрінің бірінші вице-министрі Берік Шолпанқұлов салық рақымшылығының алғашқы нәтижелері туралы баян етті.Салықтық рақымшылықты қолданған салық төлеушілердің жалпы саны 44 397 құрады, төленген бересі 18,4 млрд теңгені, ал есептен шығарылған өсімақылар мен айыппұлдар - 6,5 млрд теңгені құрайды, - деп мәлімдеді вице-министр.
Оның айтуынша, Қаржы министрлігі заңнамаға түзетулер енгізіп, тиісті ішкі нормативтік құқықтық актілер әзірледі, соның негізінде ағымдағы жылы шағын және орта бизнес субъектілері үшін, сондай-ақ жеке тұлғалар үшін салықтық рақымшылық жасалды.
Спикердің сөзіне сүйенсек, 2018 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша берешегі бар салық төлеушілер рақымшылық науқанына ілігіп, өтеу кезінде есептелген өсімпұлдар мен айыппұлдар есептен шығарылады.
Салықтық рақымшылық қорытындысы бойынша, жалпы республика деңгейінде 8,3 млрд теңге сомасына бересі бар 41 183 салық төлеуші өтелді. Бұл ретте есептен шығарылған өсімақылар мен айыппұл сомасы 2,9 млрд теңгені құрады, - деп хабарлады Қаржы министрінің орынбасары.
2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша салықтық тексерулердің нәтижелері туралы хабарламаға шағым жасауға байланысты бересі анықталмаған салық төлеушілер рақымшылыққа ілікті.
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың тамызынан бастап салық заңнамасын бұзған, алайда оны өз бетінше жойған және 2018 жылдың 1 қазанына дейін төлеу мерзімімен өткен салық кезеңдері үшін қосымша салық есептілігін ұсынған салық төлеушілерге де рақымшылық жасалады.
Нәтижесінде 3 214 салық төлеуші амнистияны пайдаланған. Олар 10,1 млрд.теңге бересіні төлеген. Олардың 3,6 млрд теңге көлеміндегі айыппұлдары мен өсімақылары есептен шығарылды, - деді министрлік өкілі.
Айта кетейік, "Елбасы өзінің Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" атты Жолдауында 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап салық төлеушімен негізгі қарыздың сомасын төлеген жағдайда есептелген өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару арқылы шағын және орта бизнес субъектілері үшін салықтық рақымшылық жүргізуді тапсырған еді.