Соңғы 5 жылда ел оңтүстігінен 17 мыңға жуық адам жұмыс істеу мақсатымен Солтүстік Қазақстанға көшкен және олардың 73%-ы жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ олардың 85%-ы өңірге тұрақты түрде қоныс аударды, ал 15%-ы өз қалаларына қайтқандар. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ғауез Нұрмұхамбетов сөзінше, бүгінде Солтүстікке барамын деген азаматтар үшін барлық жағдай жасалынып жатыр.
«Ауыл аманаты», «Дипломмен ауылға» деген секілді бағдарламалар аясында қаңдастар мен басқа өңірден келетін азаматтарымыз үшін ауылдардағы әлеуметтік нысандарды, үйлерді жөндеу жұмыстары белсенді жүргізіліп отыр. Сондай-ақ біздің Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне сырттан 2500 мыңнан астам білім алушы келіп, олардың 60%-ы біздің өңірде қалды, - деді әкім.
Оның сөзінше, Солтүстік өңірлерге көшіп баратын отбасының әр мүшесіне заңда көрсетілгендей 70 АЕК, яғни 275 240 теңге беріледі. Екіншіден, әр отбасына коммуналдық төлемдерді төлеу үшін 180 000 теңге беріледі.
Тұрғын үйді алу үшін әр отбасыға көмек ретінде орташа есеппен 4,5 миллион теңге беріледі. Оны берілген сертификат негізінде иесі немесе мемлекет төлей алады,- дейді әкім.
Әкім сөзінше, өткен жылдары адамдар келіп, жұмыс таппай қайтып кеткен жағдайлар болған. Мемлекеттен бөлінген субсидиялардың арқасында облыстағы көші-қон мәселесі жолға қойылып келеді.