Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев архив саласына қатысты бірқатар маңызды жаңалықты бөлісті. Енді архив қызметкерлеріне 25 пайыздық үстемақы заң жүзінде тұрақты түрде төленбек, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл үстемақы бұрын біздің бағдарламамызда қарастырылғанымен, оның төленуі өңірлерде біркелкі жүзеге аспай келді. Мысалы, Ақтөбе мен Маңғыстау сияқты батыс өңірлерінде үстемақы мүлдем төленбеген немесе ішінара ғана төленген. Енді бұл мәселе түбегейлі шешіледі – бүкіл ел бойынша 25 пайыздық үстемақы тұрақты түрде төленеді, – деді депутат.
Сондай-ақ ауылдық жерлердегі архив қызметкерлеріне арнайы ауылдық үстемақы төлеу де заңмен бекітілмек.
Архив қызметкерлерінің орташа жалақысы өседі. Қазіргі таңда орташа жалақы 173 мың теңге болса, алдағы уақытта бұл көрсеткіш 393 мың теңгеге дейін көтерілмек. Жалақы өсімі бірден 1.75 коэффициентпен жүзеге асады.
Ұлттық архивтерге де ерекше мәртебе беріледі. Қазіргі таңда Қазақстанда тек Астана қаласындағы архивке ғана “Ұлттық архив” атауы берілгенімен, бұл заң жүзінде бекітілмеген. Енді аталған архивке нақты ұлттық статус беріліп, заңда көрсетілетін болады. Сонымен қатар, Алматы және Астана қалаларындағы екі архивке де ресми түрде ұлттық статус беру көзделіп отыр, - деп айтты депутат Мәжіліс кулуарында.
Жаңа өзгерістер 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Бұған дейін 25 мыңнан астам қазақстандықтың жалақысы 50 пайызға дейін көтерілетіні туралы хабарланған болатын.