Сенатор Сатвалдиев Tik-Tok-тағы жат көріністердің балаларға теріс әсеріне алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сенатор Алишер Сатвалдиев TikTok алаңында жағымсыз көріністердің таралып жатқаны туралы мәселе көтерді.
Депутаттың айтуынша, 13-тен бастап 24 жасқа дейінгі жастардың 75%-ы осы платформаны пайдаланады екен. 4-5 жастағы балалар TikTok-та күніне орта есеппен 75 минутын өткізетін болып шықты. Ондағы мазмұн да әртүрлі, оның ішінде толық қалыптасып үлгермеген балалар мен жасөспірімдердің сана-сезіміне зиян тигізуі мүмкін.
Сенатор әр ел бұл құбылыспен әрқилы күресіп жатқанын атап өтті. Кейбір мемлекеттердің талабы бойынша 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге күніне 1 сағат лимит қоятын жаңа функция енгізілуде, TikTok-та кәмелетке толмағандардың деректері сақталғаны үшін айыппұл салынады. 13 жасқа дейінгі балаларға күніне 30 минутқа дейін меже қойылған, оны ата-анасының рұқсатымен 1 сағатқа дейін арттыруға болады. Кейбір елдер бұл платформаны өз аумағында толығымен жауып тастады.
Көтеріліп отырған мәселе өскелең ұрпақтың тағдырына теріс әсер етенінін ескере отырып, шұғыл шаралар қабылдау керек деп есептейміз. Осы орайда TikTok және өзге де әлеуметтік желі әкімшілігі тарапынан ұлттық заңнамамыздың талаптарын орындауы және кәмілетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысына мониторинг жүргізу керек. Анықталған кемшіліктер бойынша халықаралық тәжірибеге сүйеніп, тиісті шаралар қабылдануы тиіс, - деп атап өтті сенатор.