Қазақстанда 4,5 млн-нан астам бала қашықтан білім алады - БҰҰ

22 Сәуір 2020, 23:17
1729
Бөлісу:
Қазақстанда 4,5 млн-нан астам бала қашықтан білім алады - БҰҰ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. БҰҰ есебіне сәйкес, жаңа коронавирустың таралуын төмендету шараларымен қатар, COVID-19 пандемиясының әлеуметтік-экономикалық әсері бүкіл әлем бойынша миллиондаған балаларға апатты салдар әкелуі мүмкін. 

БҰҰ бүкіләлемдік дағдарыс жағдайында дүниежүзіндегі балаларды қорғау бойынша шұғыл іс-әрекеттер жасауға шақырады. Қазақстанда дағдарыс білім беру, қауіпсіздік және денсаулық сияқты негізгі салалардағы балалардың игілігіне қауіп төндіреді. Қазақстандағы БҰҰ жүйесі неғұрлым осал топтарға ерекше назар аударып, осы салада дер кезінде қолдауды қамтамасыз ету үшін күш салады.  

Бақытымызға орай, бүгінгі күнге дейін балалар аурудың ең ауыр белгілеріне ұшырамаған. Алайда олардың өмірлері толықтай өзгерді. Мен отбасылар мен барлық деңгейлердегі жетекшілерге балаларымызды қорғау үшін әрекет етуге үндеу саламын, - деді БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш.

190-ға жуық елдегі мектептердің жабылуы 1,5 миллиард бала мен жастарға кері әсерін тигізді. Әлемдегі барлық балалардың 60% толық немесе ішінара оқшаулау енгізілген елдерде тұрады. Қазақстанда 4,5 миллионнан артық бала қашықтықтан білім алып, 300 000 баланың электрондық білім алу үшін техникалық құралдары жоқ болса, шамамен 3000 кішігірім ауылдық көп салалы мектеп топтық білім беруді қамтамасыз етуде. Үкіметтің оқушыларға теледидар сабақтары кезінде ым тілін түсіндіру жөніндегі оң күш-жігеріне қарамастан, мүгедектігі бар және ерекше оқыту қажеттіліктері бар балалар толық қатыса алмауда.

ЮНИСЕФ деректері бойынша, балалардың көпшілігі білім алу мен қарым-қатынас құруда технологияларды пайдаланатындықтан, Интернетті теріс әрі асыра пайдалану тәуекелі артуда. Қазақстанда 50% бойжеткендер отбасыда тәрбиенің зорлық әдістеріне ұшырайды, оның ішінде  21% дене жазасына ұшыраса, 45% психологиялық агрессия мен зорлық-зомбылықты бастан кешіреді. Оқшаулау уақытында тұрмыстық зорлықтың деңгейі одан да жоғарылауы әбден мүмкін. Көптеген балалардың қауіпсіздігі мен аман-саулығына қауіп төнуі мүмкін, оған қатал қарау, қатыгездік, зорлық, қанау, Интернеттегі зиянды контенттің таралуы кіреді.

Балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығы үшін де тәуекелдер ұлғаюда. Карантин уақытында барлық жастағы балалар мектептің жабылуы және достары мен туыстарынан айырылуына байланысты аландаушылық, жалғыздық және көңілі қалу сияқты күрделі эмоциялармен күресуде. 

Бүкіл әлем бойынша жұмысы жоқ немесе табыстары төмендеген отбасылар денсаулық сақтау мен тамаққа қатысты негізгі шығындарын қысқартуға мәжбүр болуда, бұл балаларға, әйелдерге және емізетін аналарға ерекше әсер етеді. Сонымен бірге, 23 ел қызылшаға қарсы иммундау кампаниясын тоқтатты. Қазақстан иммундаудың жоспарлы бағдарламаларының көбін тоқтатты. Егер өте мұқият шараларды қолданбаса, жоспарлы иммундауды тоқтату болашақта вакцина көмегімен алдын алатын аурулардың өршуіне әкеліп соғады, бұл балалар үшін ауыр соққыға айналады.

Балалардың тағамы өмірлік маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Тіпті пандемияға дейін де бүкіл әлем бойынша тамаққа жарымау және баланың дұрыс өсіп-дамуының баяулауы алаңдайтын деңгейде болса, семіру көрсеткіштері арту үрдісін көрсеткен. Қазақстанда 6-9 жас аралығындағы 20% бала артық салмақ немесе семіруден азап шегеді. Сондай-ақ, небәрі 37,8% бала ғана  емізу арқылы тамақтандырылуда.

Біз, бәлкім, COVID-19 нәтижесінде және оның экономикалық салдарынан балалар арасында кедейліктің өсуін көретін боламыз. Әлеуметтік қорғаныс шараларын күшейту аса маңызды және біз пандемиядан зардап шеккен кедей отбасыларға ақшалай көмекті ұсынуда Қазақстан Үкіметін толықтай қолдаймыз, - деді Артур ван Дизен, Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілі.

Қазақстан коронавирустың өршуін басу үшін көптеген әрекеттерді іске асырып жатыр. Қазақстан Үкіметі отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету, қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру және аналар мен нәрестелерге күтім жасау сияқты көрсетілетін қызметтердің үздіксіз басымшылықтарын орнату арқылы балаларға жанама әсерлерді азайту үшін шаралар қабылдауда. 

БҰҰ Қазақстан Үкіметін мигрант, босқындар, мүгедек балалар және алыс ауылдық аудандарда тұратын неғұрлым осал балаларға нақты қорғаныс шараларды қамтамасыз ету үшін бұдан арғы қадамдарды қабылдауға шақырады. БҰҰ жас ұрпақты қорғауға және оның әл-ауқатын жақсартуда инвестиция салып қолдау көрсетуге дайын - деді Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты Үйлестірушісі Норимаса Шимомура.

Қазақстандағы БҰҰ Қазақстан Үкіметіне түрлі тәсілдермен қолдау көрсетуде. Ата-аналарға және күтім жасайтын адамдарға балалармен пандемия туралы қалай сөйлесу керектігі жайлы, өзінің психикалық денсаулығы мен балалардың психикалық денсаулығын сақтауда қандай әрекеттер жасау керектігі жөнінде, сондай-ақ балалардың оқуына қолдау көрсетуге көмектесетін құралдар бойынша практикалық қолдауды қамтамасыз етеді.

Өзгелердің жаңалығы