Қазақстан азаматы 350 млн теңгеге жуық салық төлемеу схемасын ұйымдастырды деген күдікпен Қырғызстаннан экстрадицияланды. Күдікті Бішкекте ұсталып, тергеу изоляторына қамалды. Оған 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы және мүлкін тәркілеу қаупі төніп тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бас прокуратураның мәліметінше, 2023 жылы күдікті мүліктік пайда табу мақсатында іс жүзінде жұмыстарды нақты орындамай, жалған шот-фактураларды жазып беру схемасын ұйымдастырған.
Заңсыз әрекеттердің нәтижесінде мемлекетке бюджетке 350 млн теңгеге жуық салық төлемеу түрінде залал келтірілген.
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған. 2025 жылдың наурыз айында ол Бішкекте ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды, - деп хабарлады ҚР Бас прокуратурасынан.
Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.