Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Астанада өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,4 триллион теңгеден асты. Негізгі өндіріс №1 Индустриялық парк аумағында шоғырланған. Қазір мұнда жалпы құны 333,3 млрд теңгеге жететін 137 жоба жүзеге асырылып, 9 500-ден астам жұмыс орны құрылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Премьер-министр арнайы техника шығаратын зауытты аралады
Жұмыс сапары аясында Премьер-министр Олжас Бектенов 2025 жылдың қаңтарында іске қосылған өрт сөндіру және арнайы техника, аспалы жабдықтар өндіретін зауыттың қызметімен танысты.
Үкімет басшысы өңдеу өнеркәсібінің дамуы экономиканы әртараптандыруға және отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға тікелей ықпал ететінін атап өтті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, біз ел ішінде көбірек өнім өндіруіміз қажет. Нақты секторды нығайтып, тұрақты жұмыс орындарын құру – басты міндет. Мемлекеттік қолдау нақты өнім шығаратын және локализация деңгейі жоғары кәсіпорындарға беріледі. Бұл инфрақұрылымды дамыту, кадр даярлау және тапсырыс қалыптастырудың түсінікті тетіктері арқылы жүзеге асады. Нәтиже өндіріс көлемінің өсуі, жаңа жұмыс орындарының ашылуы және өнім сапасының артуы арқылы өлшенуі тиіс, – деді Олжас Бектенов.
Зауыттың жобалық қуаты жылына 400 бірлік техника шығаруға мүмкіндік береді. Өнім қатарында өрт сөндіру автоцистерналары, вахталық фургондар, коммуналдық-жол техникалары және арнайы қондырмалар бар.
2026–2028 жылдары кәсіпорын өндірістік қуатын кезең-кезеңімен кеңейтіп, қызметкерлер санын 200 адамға дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Толық циклді өндіріс және 70%-дан жоғары локализация
Өндіріс директоры Александр Плужниковтың айтуынша, зауыт 6 мың шаршы метр өндірістік және монтаж алаңында жұмыс істейді және үш негізгі бағытқа маманданған.
Біз фургондық техникаға, коммуналдық-жол және өрт сөндіру техникасына басымдық береміз. Бүгінде локализация деңгейі 70 пайыздан асады. Кәсіпорын толық циклмен жұмыс істейді – жобалау шешімдерінен бастап дайын өнім шығаруға дейінгі барлық кезең қамтылған, – деді ол.
Оның айтуынша, зауыттың технологиялық мүмкіндіктері тапсырыс берушілердің талаптарына сай техниканы жедел бейімдеуге мүмкіндік береді.
Қазақстандық өндірушілердің кез келген шассиі негізінде шешім әзірлей аламыз. Өз конструкторлық бюромыз бен әмбебап технологияларымыз тапсырыс берушінің сұранысына сай өзгерістерді жедел енгізуге мүмкіндік береді, – деді Плужников.
Инвестициялық келісім және жаңа жұмыс орындары
Кәсіпорынның коммерциялық бөлім директоры Баубек Қазбаевтың айтуынша, жоба 2023 жылы жасалған инвестициялық келісім аясында жүзеге асырылған.
Бүгінде зауытта 100-ден астам адам жұмыс істейді. Орташа жалақы шамамен 400 мың теңге шамасында. Даму жоспарына сәйкес, 2026–2028 жылдары қызметкерлер саны 200 адамға дейін көбейеді. Зауыт мемлекеттік органдар мен коммерциялық ұйымдарға арнайы және коммуналдық техника жеткізеді, – деді Казбаев.
Жобаны іске асыру барысында өндіріске 5,1 млрд теңгеден астам жеке инвестиция салынған. Сонымен қатар, кәсіпорын Кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауына ие болды.
Кәсіпорын отандық өндірушілермен кооперацияны дамытып келеді.
Біз жобаларды басқа қазақстандық зауыттармен бірлесіп жүзеге асырамыз. Қазіргі уақытта арнайы, коммуналдық және коммерциялық автокөліктерге арналған автокомпоненттер мен қондырмалардың сериялық өндірісі жолға қойылған, – дейді Баубек Қазбаев.
Осылайша, №1 Индустриялық парк Астана өнеркәсібінің негізгі өсу нүктесі болып қалыптасып отыр. Мұнда жүзеге асырылып жатқан жобалар нақты өндіріс көлемін арттырып, жоғары локализация деңгейін қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беруде.