Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Ербол Тұяқбаев еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ербол Тұяқбаев 1992 жылы Түркістан облысында дүниеге келген. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 2013 жылы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетінде бастап, 2018 жылға дейін осы құрылымда түрлі қызметтер атқарды. Аталған кезеңде сарапшыдан басқарма басшысына дейін көтерілді.
2019-2020 жылдары «Ақпараттық-талдау орталығы» және «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамдарында жұмыс істеді.
2020-2023 жылдары Астана қаласы әкімдігі аппаратында ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінің бас инспекторы, бөлім басшысы, инспекторлық және аумақтық жұмыс бөлімінің жетекшісі, сондай-ақ әкім аппараты басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.
2023 жылдың ақпан айынан бастап осы уақытқа дейін Үкімет аппаратының әлеуметтік даму бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып келді.