Алматы қаласында салынып жатқан Батыс кәріз коллекторының құрылысы 2027 жылдың IV тоқсанында аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы Алматы қаласы Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы BAQ.KZ тілшісінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Ведомствоның мәліметінше, жоба қаладағы су бұру жүйесінің өткізу қабілетін арттырып, жаңа тұрғын аудандарды инженерлік инфрақұрылымға қосуға мүмкіндік береді.
Жоба құны
Басқарма жобаның құны, жасалған шарттар, мердігер ұйым, іске асыру мерзімі және өзге де талаптар ашық ақпарат екенін атап өтті.
Біз жоба құнын білу мақсатында мемлекеттік сатып алу порталынан ақпарат іздедік. Порталда жоба келісімшартының құны 32 436 429 717 теңге деп көрсетілген.
Құрылыс қашан аяқталады?
Басқарманың мәліметінше, нысанның құрылысы 2027 жылдың IV тоқсанында аяқталады.
Нысанды пайдалануға беру жобада көзделген жұмыстар толық аяқталғаннан және барлық қажетті рәсімдер орындалғаннан кейін жүзеге асырылады, – деп хабарлады ведомство.
Коллектордың ұзындығы – 35 шақырым
Ресми мәліметке сәйкес, Батыс кәріз коллекторының жалпы ұзындығы 35 шақырымды құрайды. Оның есептік өткізу қабілеті сағатына 4 472 текше метр болады. Жоба Алматы қаласының Алатау және Наурызбай аудандарын, сондай-ақ Алматы облысының Іле ауданын қамтиды.
Басқарма бұл жоба іске қосылғаннан кейін 200 мыңнан астам тұрғынды су бұру қызметімен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Қазір қай жерде құрылыс жүріп жатыр?
Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары Бекешева көшесінде жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты аталған аумақта көлік қозғалысына уақытша шектеулер енгізілген.
Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрғын үйлер мен инфрақұрылым нысандарына қауіпсіз жаяу жүргіншілер өткелдері мен кіреберістер ұйымдастырылып, қоршаулар мен ескерту белгілері орнатылып жатыр, – деп түсіндірді басқарма өкілдері.
Ведомство мәліметінше, қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарының 45 пайызы аяқталған. Сонымен қатар қалада №1 Загородный кәріз коллекторын реконструкциялау жұмыстары да басталған.
Жоба қандай мәселені шешеді?
Басқарма халық санының артуы мен тұрғын үй құрылысының қарқын алуы қолданыстағы инженерлік инфрақұрылымға, әсіресе су бұру жүйесіне түсетін жүктемені көбейтіп отырғанын атап өтті.
Ведомствоның мәліметінше, Батыс кәріз коллекторы осы мәселені шешуге бағытталған.
Жоба аяқталғаннан кейін су бұру жүйесінің сенімділігі мен өткізу қабілеті артады, қолданыстағы кәріз желілеріне түсетін жүктеме азаяды және жаңа нысандарды инженерлік желілерге қосуға мүмкіндік туады, – делінген ресми жауапта.
Басқарма сондай-ақ жобаның қаланың батыс бөлігіндегі су бұру жүйесіне түсетін перспективалық жүктеменің өсуі ескеріліп әзірленгенін жеткізді. Соның нәтижесінде су бұру жүйесінің сенімділігі артып, 200 мыңнан астам тұрғын сапалы қызметпен қамтылып, қаланың одан әрі дамуына қажетті инженерлік инфрақұрылым қалыптасады.