31 жылдан кейінгі тарихи жеңіс: Ербол Хамитов Хрусталь глобусты жеңіп алды

Бүгiн, 18:24
530
Бөлісу:
31 жылдан кейінгі тарихи жеңіс: Ербол Хамитов Хрусталь глобусты жеңіп алды
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Қазақстандық пара биатлоншы Ербол Хамитов 2024-2025 жылғы маусымның қорытындысы бойынша Әлем кубогының жалпы есебінде жеңіске жеткен алғашқы қазақстандық спортшы атанды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл жетістік Қазақстан спортында 31 жылдан кейінгі тарихи жеңіс болды. Соңғы рет Хрусталь глобусті елімізге 1994 жылы шаңғышы Владимир Смирнов (1990/1991 және 1993/1994 жылғы маусым) әкелген еді.

11 наурыз күні Швецияның Торсби қаласында маусымның соңғы жарысы – спринт өтті. Ербол бұл жарыста екінші орын иеленіп, маусым бойы жинаған ұпайларының арқасында Хрусталь глобусқа қол жеткізді. Бұл маусымда Ербол бірнеше маңызды жеңістерге қол жеткізіп, жалпы есепте 1005 ұпай жинады. Сонымен қатар, ол биатлоннан әлем чемпионатында алтын медаль иеленді.

Қазақстандық тағы бір пара биатлоншы Александр Герлиц те осы жарыста жүлдегер атанып, өз санатында күміс жүлде иеленді. Қазақстан үшін қысқы спорт түрлерінде Әлем кубогының жалпы есебінде жеңіске жету – өте сирек кездесетін және аса маңызды оқиға.

Бұл жетістік – Қазақстан пара спортындағы жаңа белес. Енді басты мақсат – 2026 жылы Италияда өтетін Қысқы Паралимпиадада жеңіске жету.

Біздің анықтама:
Ербол Хамитов – Қазақстанның пара биатлон және пара шаңғы спортындағы ең табысты спортшыларының бірі.

Пара биатлон:
2024-2025 жылғы маусымда Әлем кубогының жалпы есебінің жеңімпазы (Хрусталь глобус иегері)
2025 жылғы әлем чемпионатының алтын жүлдегері
2022-2023 жылғы маусымда Әлем кубогының кезеңдерінде бірнеше рет жеңімпаз және жүлдегер атанған
2022-2023 жылғы әлем чемпионатының қола және күміс жүлдегері

Пара шаңғы:
2023 жылғы әлем чемпионы (900 м спринт)
Әлем кубогының кезеңдерінің жеңімпазы және жүлдегері
Қазақстан чемпионы (2020-2022).

Өзгелердің жаңалығы