Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысының полицейлері 29 жылдан соң Қазақстанға қайта оралған азаматтың құжаттарын жасап берді. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Түлкібас ауданлдық полиция бөліміне арызданып келген жергілікті тұрғынның айтуынша, оның інісі Шимшилов Ислам Азербайжан Республикасына 1991 жылы жұмыс бабымен кеткен екен. Алайда Әзербайжан елінде жеке басын анықтайтын құжатын жоғалтып алған Ислам Шимшилов сол уақыттан бері құжаты болмағандықтан елге қайта алмай жүріпті.
Аталған жайтты түлкібастық көші-қон полицейлері бірден тіркеуге алады. Көші-қондық тәртіп сақшылары Әзербайжан еліндегі ҚР-ның елшілігімен хат алмасып, азаматтың құжаттарын мұрағаттардан алып мәліметтер жинақтады. Түлкібастық көші-қон полицейлерінің тыңғылықты жұмыстарының арқасында өзге елде қалып қойған бауырымыз елге оралды. Сонымен қатар тәртіп сақшылары азаматқа ҚР-ның азаматы екенін анықтайтын жаңа төлқұжат алып берді, - делінген хабарламада.
Інісімен қайта қауышқан әпкесі көзіне жас алып, Түлкібас ауданы көші-қон басшылары мен қызметкерлеріне өз алғысын білдірді.
Полиция департаментінің қызметкерлері осы бағыттағы жұмыстардың әлі де жалғасын табатынын, сондықтарн тұрғындарға құқықтық мәртебені айқындау бойынша сұрақ туындаған жағдайда, тұрғылықты мекенжайы бойынша Көші-қон қызметіне жүгінуге кеңес береді.