Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ОКҚ-де өткен брифингте Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев айтты.
Ол биыл еліміз Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтіп жатқанын еске салды. Тәуелсіздік жылдарында еліміз түрлі салаларда, соның ішінде құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық саласында айтарлықтай табысқа қол жеткізді.
Осы уақыт аралығында (30 жыл ішінде – Baq.kz) 170 млн шаршы метрден астам жаңа тұрғын үй салынып, 1,6 млн-нан астам азамат баспанамен қамтамасыз етілді. Былтырдың өзінде республика бойынша 15,3 млн шаршы метр тұрғын үй салынды, 140 мыңнан астам тұрғын-жай пайдалануға берілді, - деді вице-министр.
ИИДМ өкілі баяндағандай, тұрғын үй құрылыс инвестициялары 2019 жылмен салыстырғанда 33,6%-ға өсіп, 2 трлн теңгені құрады. Мемлекет қаражатының 1 теңгесіне 5 теңге жеке инвестиция тартылды.
Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес 2021-2025 жылдар аралығында 103 жаңа тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде 2021 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 15 млн шаршы метр салыну жоспарланса, партияның тапсырмасы бойынша биыл 17 млн шаршы метр тапсырылады, - деп түсіндірді Қайырбек Өскенбаев.