Астанадағы ұлттық академиялық кітапханада жас жазушы Әлихан Жақсылықтың "Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?" атты кітабының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жаңа кітаптың таныстырылымына астаналық оқырмандармен қатар, әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы, жазушы Жадыра Шамұратова, мәдениеттанушы Серік Ерғали сынды аға буын өкілдері қатысты. Кешті ақын Бауыржан Бабажанұлы жүргізіп отырды.
Кітаптың шыққанына көп болмаса да еліміздің бірнеше өңірінде таныстырылы өтіп, оқырман қауымнан жақсы бағасын да алып үлгерді.
Кітаптың таныстырылымы Алматы, Қонаев, Талдықорған, Ақтөбе қалаларында өтті. Енді, міне, Астанаға келдік. Кей жерлерде менің 60-70 жылдығым секілді шапан жауып, картинамды салып сыйлап жатты. Кітап туралы әртүрлі пікірлер айтылып жатыр. Бірақ сын жоқ. Ал келесі кітаптарда бүгінгі қателігімді қайталамау үшін сын маған ауадай керек. Қазір "Африкадан Аляскаға дейін" деген роман жазып жатырмын. Осы күзге дейін аяқтап, сол кітаптың таныстырылымын жасауға алдарыңыз тағы келемін деп ойлаймын. Сосын 30 жасыма дейін 10 роман жазамын деп бекініп отырмын. Жылына осылай екі романнан жазып тұрсам бес жылда орындаймын ғой. Кеше "Әдебиет" порталына сұхбат бердім. Жадыра Шамұратова апайым екеуміз ашық әңгімелестік. Ағаларымды да, өзімді де аяғаным жоқ. Егер өзімді аяған болсам ағаларымды мақтаған болар едім. Ал бүгінгі қолдарыңызда отырған "Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?" – адам құқығы жөніндегі роман. Бізде сүрінген адамға қол ұшын созатын кісі жоқ. Керісінше батпаққа итере түседі, - дейді жас жазушы.
Ол шығармаларын әуелі қағазға түсіріп алып, сосын компьютерге теретінін, әйтпесе, ойы шашырап кететініт айтады.
Кеште белгілі әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы Әлиханның шығармашылығы, жалпы қазіргі әдебиет туралы тұшымды әңгіме айтты.
Бізде күрделі шығарма жазған қаламгерді аса қабылдамайды. Оқырманды тәрбиелеу үшін жазушы да өсуі керек. Ендігі жерде әдебиет күрделене түседі. Бізде қазір машық пен суреткерлікті ажырата білетін жастар өсіп келе жатыр. Жазушы үнемі ізденісте болуы керек. Әлиханда сол ізденіс бар. Әлихан Жақсылықтың «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» туындысын бір демде оқып шықтым. Әрине, шығарманың әлі де жетілдіре түсетін тұстары, бір қайнауы әлі жетпей тұрған жерлері баршылық. Соған қарамастан автордың ізденісі, бүгінгі күннің шындығын беру үшін тыңнан түрен салуға ұмтылған талпынысы маған ұнады. Тыным таппай еңбектене берсе келешекте Әлиханның ірі суреткер бола алатын мүмкіндігі бар. Олай дейтін себебім, кейде құрғақ баяндауға бой алдырып алғанымен, шығарма суреткерлік шеберлікпен жазылған. «Қара жаңбыр жауып, көшелерге көктен қалың су бүркіп, үй маңы да дым тартып тұрған күңгірт күз еді. Аулақта тұнжыраған бақ – тағы үнсіз. Меңіреу қалпында қарсы алып, шығарып салуға да жарамай, жабырқағаны ма, әлде жатырқағаны ма, ұнжырғасы түсіп, ұзақтан да ұзақ мелшиеді ұдайы.(12 бет) «Аптаның басында басталған жауын бір тынбастан қара жерге қарызын аспаннан еселеп қайтарып жатқандай жауды. Жауынға жел қосылып, нөсер шатырды соққылап, майысқан құба талдар иіле келіп, терезелерді сабалаумен болды. Әдетте бұндай жаңбырлы күндері терезе алдынан бұртиған баланың ұртындай томпақ тамшылар сырғанап, көше шамдарының жадау жарығымен-ақ айналымға тап қазір түскен тиындардай жылтырап, әжептәуір әсерлі көрініс беретін Бұл жолы жауын суы әйнектен төгіле сырғып, тынбай ақтарылды» (30 бет) Айналадағы өмірді көз алдыңа елестететін мұндай сәтті шыққан суреттер шығарманың ажарын арайландыра түскен, - деді Амангелді Кеңшілікұлы.
Сыншының айтуынша, Әлихан шығармашылығына Кафка туындыларының қатты әсер еткен. Ақылға қонбайтын абсурдтық дүниелерді өмірдегі шын болып жатқан оқиғадай суреттей білу – жазушыдан үлкен шеберлікті талап етеді.
Әлиханның жеңіл емес, өнердегі осындай ауыр жолды таңдағаны мені қатты қуантты. «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» мүлде басқаша жазылған, формасы өзгеше, жаңалығы бар туынды. Мен бұл туындыны оқи отырып, бүгінгі күннің шындығын айнадан көргендей әсер алдым, - деді сыншы Амангелді Кеңшілікұлы.
Романды оқып жатырмын. Әдетте көп дүниені бастағанда-ақ аяғы немен бітетінін сезіп отырасың. Ал мұнда сен мүлде күтпеген қайырымдар шыға келеді. Тосын, - деді кітапхана директоры Ғазиза Құдайберген.
Кітап Алматыдағы "Ар" баспасынан шыққан. Алғысөзін белгілі жазушы Думан Рамазан жазған.
Кеш соңында жас жазушы Әлихан: «Президент: "Бір кітабыңды маған бересің" деп еді, бұл кітап қалайда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолына жету керек. Егер жетсе ол кісі міндетті түрде оқиды. Сондықтан осы кітапты мүмкіндігінше насихаттап, таратып, айтын жүріңіздер. Әлі де кітаптың насихаты аз болып жатыр» деген өтінішін жеткізді.