Көкшетау, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласы күнін тойлау аясында көкшетаулықтар көптен күткен жаңа автобустарға ие болды.
Биыл Қостанайдағы «СарыАркаАвтопром» ЖШС қазақстандық зауытында құрастырылатын YUTONG ZK6108 HGH маркалы 44 қалалық автобусты жеткізу туралы келісімшарт жасалған.
Жобаның құны 1 588,3 млн теңгені құрайды, оның 476,49 млн теңгесі бастапқы жарнаны төлеу үшін тең қаржыландыру түрінде мемлекеттік қаражат.
Қала тұрғындарын елеулі оқиғамен құттықтаған өңір басшысы Ермек Маржықпаев қоғамдық көлік – қазіргі заманғы қаланың әлеуметтік маңызды құрамдас бөлігінің бірі екендігін атап өтті.
Сондай-ақ, осы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға қатысқан барша жанға алғысын білдірді.
"Бұл автобустар қаладағы №1, 5, 9, 10 және 16-бағыттарға қатынайды. Жаңа қоғамдық көліктер халықтың көңілінен шығады деген ойдамыз. Күзге қарай шаһарға тағы 13 автобус сатып әкелеміз" - дейді автобус паркінің бас директоры Әсия Шәрімова.
Айта кеткен жөн, автобустардың екінші партиясы, яғни 13 бірлігі, Көкшетауға ағымдағы жылдың қараша айында келеді деп күтілуде.