30 адам – 30 тағдыр: Қазақстандықтардың өмір жолы БҰҰ көрмесінде көрініс тапты

БҰҰ көрмесіне енген қазақстандықтардың арасында әйелдер денсаулығын қорғап жүрген маман, табиғатты сақтауға үлес қосқан ғалым және Ауғанстаннан келіп, Қазақстанда дәрігер атанған азамат бар.

22 Қазан 2026, 10:00
АВТОР
 ©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков 22 Қазан 2026, 10:00
22 Қазан 2026, 10:00
105
Фото: ©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Бірі әйелдердің денсаулығын сақтауға күш салса, екіншісі жойылып бара жатқан өсімдіктер дүниесін зерттейді. Үшіншісі бала кезінде туған жерін тастап, Қазақстанда жаңа өмір бастап, дәрігер болуды таңдаған. Олардың өмір жолы мен еңбегі Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде өткен GLOCAL: «Жаһандық мақсаттар. Адам тағдыры» фотокөрмесінде ұсынылды. Қазақстанның 30 азаматының тарихы арқылы қоғамға пайда әкелудің әртүрлі жолы көрсетілген. BAQ.KZ тілшісі көрмеден фоторепортаж ұсынады.

©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Замира Өтегенова: Әйелдер денсаулығын қорғау – ортақ жауапкершілік

Кейде бір адамның денсаулығын қорғау үшін тұтас қоғамның сеніміне ие болу керек. Замира Өтегенова үшін бұл жай ғана жұмыс міндеті емес, әйелдердің өмірін сақтауға бағытталған үлкен жауапкершілік.

©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакцинация жөніндегі өңірлік үйлестіруші ретінде ол вакцина туралы ақпарат таратуға, медицина қызметкерлерін оқытуға және ата-аналардың сұрақтарына жауап беруге атсалысады. Қазақстанда АПВ-ға қарсы вакцинация 2024 жылдың қыркүйегінде басталғанда, мамандардың алдында халыққа оның маңызын түсіндіру міндеті тұрды.

©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Замираның айтуынша, Қазақстанда жыл сайын шамамен 1 900 әйелге жатыр мойны обыры диагнозы қойылып, 600-ге жуық әйел осы аурудан көз жұмады.

Бұл жай ғана статистика емес, бұл – әр отбасының қайғысы мен қасіреті, – дейді ол.

©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Вакцинацияға қатысты күмән мен алаңдаушылық та болған. Мұндай кезде ата-аналармен сөйлесу, олардың сұрақтарын тыңдау және түсінікті жауап беру маңызды еді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары медицина қызметкерлерін оқытуға және халықпен дұрыс байланыс орнатуға қолдау көрсеткен. Түркістан облысында бес мыңнан астам медицина қызметкері оқытылып, мұғалімдермен, ата-аналармен, журналистермен, дін өкілдерімен және қоғам белсенділерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

Біз оларды тыңдадық, түсіндірдік, сұрақтарына жауап бердік. Себебі біз бір нәрсені жақсы түсіндік: халықтың сеніміне жетудің жолы – оны тыңдаудан басталады, – дейді Замира Өтегенова.

Көрмеге қойылған Замираның портреті медицина қызметкерлері мен қоғамның бірлескен еңбегін еске салады. Оның әңгімесі денсаулықты қорғау тек емдеумен шектелмейтінін, аурудың алдын алу мен адам сеніміне ие болудың да маңызы зор екенін көрсетеді.

©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Гүлнара Ситбаева: Табиғатты сақтау – болашақ алдындағы жауапкершілік

Табиғаттағы өзгерістер бірден байқала бермеуі мүмкін. Алайда жердің тозуы, шөлейттену, климаттың өзгеруі және өсімдік түрлерінің азаюы болашаққа төнетін қауіптің белгісі. Гүлнара Ситбаева осы мәселелерді зерттеп, Қазақстанның өсімдіктер дүниесін сақтауға үлес қосып жүрген мамандардың бірі.

©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Ботаника және фитоинтродукция институтының бас директоры ретінде ол Қазақстанның ботаникалық бақтары атынан табиғи мұраны қорғау және биоалуантүрлілікті сақтау бағытындағы жұмыстарды таныстырады.

Гүлнараның айтуынша, бүгінгі экологиялық мәселелерді бір ұйымның немесе бір мемлекеттің күшімен шешу мүмкін емес. Бұл үшін ғылыми зерттеу, жаңа технологиялар және халықаралық ынтымақтастық қажет.

©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Бұл мәселелерді бір ұйымның немесе бір мемлекеттің өзі шеше алмайды. Ол үшін күш-жігерімізді, ғылыми әлеуетімізді және жаңа технологияларды біріктіріп, халықаралық қолдауды күшейту қажет, – дейді ол.

БҰҰ Даму бағдарламасымен әріптестік аясында институт бірнеше жобаны жүзеге асырған. Олардың қатарында Ақмола облысындағы селекциялық-генетикалық орталықта орман дақылдарының генетикалық қорын құру және Қазақстан Алтайындағы дәрілік өсімдіктерді түгендеу жұмыстары бар. Институт мамандары Қазақстанның 2035 жылға дейінгі биоалуантүрлілікті сақтау және орнықты пайдалану жөніндегі ұлттық тұжырымдамасын әзірлеуге де қатысқан. Алдағы міндеттердің қатарында өсімдіктер дүниесін бақылау, оның жай-күйін бағалау және табиғи ортаға қауіп төндіретін бөгде түрлерді анықтау бар.

©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Армин Талеби: жаңа елде жаңа өмірге жол ашқан дәрігер

Адам кейде туған жерінен кетуге мәжбүр болады. Бірақ оның болашағы сол бір қиындықпен шектелмеуі керек. Бала кезінде Ауғанстаннан Қазақстанға келген Армин Талебидің өмір жолы осы ойды еске салады.

©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Қазір ол дәрігер-резидент болып жұмыс істеп, Қазақстан-Ресей медицина университетінде білімін жалғастырып жүр. Сонымен қатар пластикалық және реконструктивтік хирургия саласын меңгеріп, Қазақстандағы БҰҰ Жастар тобының жұмысына қатысады.

Арминнің айтуынша, босқындар үшін қауіпсіз жерге жету – қиындықтардың аяқталғанын білдірмейді. Жаңа ортаға бейімделу кезінде бюрократиялық кедергілер, әлеуметтік оқшаулану және кемсітушілік кездесуі мүмкін. Білім алу, медициналық көмекке қол жеткізу немесе ресми жұмыс табу да әрдайым оңай емес.

©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Ол адамның өмірін тек босқын деген мәртебемен бағалауға болмайтынын айтады. Әр адамның арманы, қабілеті, жақындары және болашаққа құрған жоспары бар.

Әрбір мәртебенің артында өз арманы, қабілеті, жақындары мен болашаққа деген жоспары бар адам тұрғанын көрсету үшін өзім туралы айтқым келеді, – дейді Армин.

©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Бүгінде Армин медицина саласында білім алып, кәсіби жолын қалыптастырып жүр. Оның оқиғасы адамға мүмкіндік берілгенде, оның қоғамға да үлес қоса алатынын көрсетеді. Көрмеге қойылған Арминнің портреті бір адамның ғана емес, жаңа елде өмірін қайта құруға тырысқан көптеген адамның тағдырын еске салады. Олардың қауіпсіздікке, білімге және лайықты өмірге деген құқығы қоғамның назарынан тыс қалмауы керек.

©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков
Наверх