БҒМ: Мектептер бір сыныпқа 30-35 оқушыны қабылдауға мәжбүр

21 Қазан 2019, 16:44
5671
Бөлісу:
БҒМ: Мектептер бір сыныпқа 30-35 оқушыны қабылдауға мәжбүр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінде бір сыныпта 42 оқушыға дейін оқитыны жасырын емес. Үш ауысымды мектептердің саны көбеймесе, азаяр емес. 

Еліміздің бас шаһары – елордада 8 мектеп үш ауысымда оқытуда. Бұл туралы бүгін білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.  

Министр Білім беру және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының қаншалықты тиімді іске асырылып жатқанын баяндай отырып, білім беру саласындағы бірқатар түйткілді мәселенің басын ашып айтты. 

"1 қыркүйектегі жағдайға сүйенсек, елімізде 128 мектеп үш ауысымда оқытады. Ал, 31 мектеп апатты жағдайда жұмыс істеп тұр. Бұл сандар үнемі өзгеруде. Жуырда ғана 3 мектеп пайдалануға берілді. Әрине, басым бөлігі – екі ауысымды мектептер. Негізінде, мектептерде балалар бір ғана ауысымда оқытылуы тиіс. Біз соған көшуіміз керек. Оның шешімі біреу ғана. Бізге жаңа мектептер салуды арттыру керек. Нұр-Сұлтан қаласында 8 мектеп үш ауысымда оқытылады. Бұл көпшіліктің көкейінде тұрған толғандыратын мәселе. Шешудің екі жолы бар. Біріншісі – республикалық бюджеттен айтарлықтай қомақты қаржы бөлу. Екіншісі – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмін тиімді пайдалану. Оқушылар санының шегі бар. Бір сыныпта 25 оқушы болуы тиіс. Алайда, мектептер бір сыныпқа 30-35 оқушы қабылдауға мәжбүр болып отыр. Оны әдейі істеп отырған жоқ. Мүмкін болмай тұр. Оның үстіне, тиісті органдар келіп оларға айыппұл салады. Мен оны құптамаймын", - деді министр Аймағамбетов.

Бұдан бөлек, ведомство басшысы қоғамдық резонанс тудырған көкшетаулық мұғаліммен кездескенін айтты. 

"Көкшетау қаласындағы мұғалімге келетін болсақ, біз кездестік. Егжей-тегжейлі асықпай отырып сөйлестік. Жақсы диалог өтті. Айтылған сынды әрі қарай мұқият зерделейміз. Мұны жүйелі түрде қарастыру керек. Бұл тек бір ғана мұғалімнің мәселесі емес, яғни бұл жалпы педагогтардың мәселесі. Бұны Елбасы да, мемлекет басшысы да көтерді. Осы орайда тиісті тапсырмаларды беріліп, қажетті қаржы бөлініп жатыр. Ұлттық біліктілік тестілеуі барынша әділ өтуі үшін біз мұғалімдерді металл іздегішпен тексеріп, ұялы телефон, мобильді қосымшаларды пайдаланбауын қадағалайтын боламыз. Заңсыз орын алған жағдайда, қатаң шаралар қолданылады", - деді министр тілшілер сауалына жауап бере отырып. 

Оның айтуынша, "көш жүре түзеледі" дейді. Сондықтан министрлік бағалау жүйесін одан сайын жетілдіруді мақсат етіп отыр.

Айта кетейік, орта білім беру жүйесінде жаңартылған мазмұнға көшу жалғасуда. Жаңартылған мазмұнда функционалдық сауаттылыққа – біліміне ғана емес, сол алған білімін өмірде қолдана білуге баса назар аударылуда.

Өзгелердің жаңалығы