Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2019 жылдың 5 қыркүйегінде үш жасар бүлдіршінді өлтірген Игентай Сопыжанов өзіне қатысты шыққан сот үкімін тыңдады. Қылмыскер өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп жазды NV.kz.
Бұған дейін ол сот отырысында өзіне қол салуға тырысып, мойын тұсын бірнеше рет кесіп жіберген. Оны сол жерде күзетшілер бірден ұстап алып, сот залынан алып шығып кеткен. Сол себепті бұл жолы күзетшілер оның қолдарын ұстап тұрды.
Қылмыскер жазасын қауіпсіздігі ең жоғары колонияда өтейтін болады. Сонымен қатар, сот жасалған сараптамалар үшін Сопыжановтан 468 мың теңге өндіруге қаулы шығарды. Ал қайтыс болған баланың анасына келтірілген моральдік зиян үшін ол 5 миллион теңге беруге міндетті.
Айта кетейік, 5 қыркүйек күні Қарағанды облысы Шет ауданы полиция бөліміне Бұрма ауылының 22 жастағы тұрғынынан танысы 3 жасар ұлын ұрлап әкеткендігі туралы хабарлама түскен. Жедел іздестіру аясында полиция қызметкерлері күдіктіні 9 қыркүйек күні түнгі сағат бірлер шамасында вокзал маңынан ұстаған.