Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қараусыз қалған балалар сіріңкемен ойнаған. 2011 жылы туған қыздың арқасы күйік шалған. Бұл туралы YK-news.kz жазды.
4 наурызда Абай ауданының өрт сөндіру қызметіне кәмелет жасқа толмаған қыз хабарласып, күйіп қалғанын айтқан. Ол мекенжайын Құндызды ауылы екенін жеткізген.
Ең жақын өрт сөндіру қызметі ауылдан 70 шақырым қашықтықта орналасқан. Өрт сөндіру қызметкерлері уақыт жоғалтпай, ауылдық әкімдікке хабарласып, айтылған мекенжайға баруды сұраған, - деп хабарлады ШҚО ТЖД.
Шенеуніктер полицейлермен жекеменшік үйге келсе, қыз қатты күйіп қалған. 9 жастағы қызды Семейдегі ауруханаға жеткізген.
2011 және 2017 жылы дүниеге келген балалар үйде жалғыз қалған. 3 жасар бала сіріңке алған және әпкесі Тоғжанды абайсызда жағып жіберген. Қыздың кеудешесі жанған. Қыз бірден су алып, өртті сөндірген, - деп түсіндірді ТЖД.