Ораза айт мерекесі тойланған аумақты қоқыстан тазарқан атыраулық 3 жасар Дінмұхаммед Президенттің алғыс хатын алды. Видеосы желіге тарап, халықты сүйсіндірген бала мен оның әкесіне күтпеген марапатты облыс әкімі Серік Шәпкенов табыстады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Дінмұхаммедтің қолғабыс етіп жатқан сәтін тұрғындардың бірі бейнежазбаға түсіріп алған. Видео бірден желіге тарап, жұртты сүйсіндірді. Балдырғанның қоқыс жинаған кадрын мемлекет басшысы да көрген. Сөйтіп алғыс хат жолдапты. Оны Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов табыстады.
Кейде көп сөздің орнына бір іс ғана жетіп жатады. Дінмұхаммед кішкентай ғана ойын баласын болса да, көпке ой салды. Әлбетте бұл отбасынан алған тәрбиесі. Сондай-ақ бұл отансүйгіштіктің үлгісі. Осындай әрекеттер Мемлекет басшысының "Таза Қазақстан" бастамасы уақытша іс-шара ғана емес, әр азаматтың өмір салты болуы қажеттілігін көрсетеді,-дейді облыс әкімі Серік Шәпкенов.
Дінмұхаммед Жұмажанның әкесі мен отбасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысына ерекше қуанды. Күтпеген жерден баласының кішкентай еңбегі еленгеніне мәз-мейрам болды.

Үйде де тазалыққа өте жақын. Апаларының артынан бәрін жинап жүреді. Саябақ пен ойын алаңына барса да сол. Кішкентайынан атасының қасынан қалмайды. Сол кісінің тәрбиесі. Мемлекет басшысынан алғыс хат алып жатырмыз. Алғысым шексіз. Әлеуметтік желіде де көптеген тілектерін айтып жатыр. Әкім жылы лебізін білдірді. Ұлы тұлға босын деп тіледі. Дінмұхаммед Қонаевқа ұқсасын деп атасы атын өзі қойды. Соған лайық патриот азамат болғанын қалаймын,- дейді бүлдіршіннің әкесі Ержан Хайрошев.
Әкім еңбекқор балаға велосипед пен өзге де естелік сыйлықтар табыстады.