3 қазанда бүкіл мектепте экосағат өтеді – министр

1 Қазан 2019, 00:37
7428
Бөлісу:
3 қазанда бүкіл мектепте экосағат өтеді  – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бейсенбіде, 3 қазанда Қазақстандағы барлық мектепте «Эко-сағат» кең көлемді акциясы басталады. Бұл туралы Қазақстанның Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев хабарлады.

"Достар, осы бейсенбіде еліміздің барлық мектептерінде «Эко-сағат» атты факультатив оқытыла бастайтынын қуана хабарламақпын. Бұл күн кездейсоқ таңдалған жоқ. 3 қазанда Дүниежүзілік мекендеу орнын қорғау күні аталып өтеді", - деп жазды министр Twitter-дегі парақшасында.

Министрдің дерегі бойынша, акцияға барлық министрлер кабинетінің мүшелері, өңір әкімдері қатысады.

Министрлер мен әкімдер республика мектептерінде сабақ өткізіп, содан кейін оқушыларға ағаш отырғызуға көмектеседі.

"Біз бұл күні Қазақстанда 200 мыңнан аса ағаш отырғызылады деп үміттенеміз. Қазақстанда «эко-сағат» өткізу дәстүрге айналып, халықты экологиялық тұрғыда тәрбиелеуге едәуір үлес қосады деген ойдамын", - деді Экология министрлігі басшысы.

Жоспар бойынша, акцияға Қазақстандағы 6 мың мектеп пен 2 млн оқушы қатысады.

12 қазанда еліміздің барлық тұрғыны акцияны жалғастырмақ.

Өзгелердің жаңалығы