Жамбыл облысында 30 мыңға жуық отбасы атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж

17 Мамыр 2019, 11:54
1940
Бөлісу:
Жамбыл облысында 30 мыңға жуық отбасы атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж
Фото: автордан

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысы бойынша биылғы жыл басынан атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж 15 341 отбасындағы 79 246 адамға ескі форматта 1 млрд теңге төленді. 1 сәуірден бастап жаңа үлгідегі АӘК-ге мұқтаж 29 650 отбасы анықталған.

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге көп. Оған республикалық қазынадан 13,3 млрд теңге қаралған. Бұл жайында жергілікті әкімдіктің ұйымдастыруымен Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды. 

Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтің айтуынша, бүгінге дейін АӘК туралы білу үшін жұмыспен қамту орталықтары мен ауылдық округ әкімдіктеріне барлығы 26 043 адам келген. Оның ішінде 20 436 адамның өтініші қабылданып, «е-Халық» автоматтандырылған ақпараттық жүйеге енгізілді. 

«20 346 отбасыға жаңадан атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға шешім қабылданып, қаржысы толық төленді. Қантар-наурыз айларына тағайындалған 7 060 отбасыға 767,6 млн теңге берілді. Қазіргі таңда мамыр айына тағайындаулар жүргізіліп жатыр. Оған республикалық бюджеттен 2,1 млрд қаралған. Бұл жұмыстар бақылауда», - деді спикер. 

Облыс әкімінің орынбасары «Еңбек» бағдарламасы аясында биылға 9,2 млрд теңге бөлінгенін де айтты. 1 мамырда жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 10 032 адам тартылған. Оның ішінде ваканттық бос жұмыс орындарына – 3 574, қысқа мерзімді кәсіптік оқуға – 212, әлеуметтік жұмыс орындарына – 1 171, жастар практикасына 1 394 түлек жолданып, ақылы қоғамдық жұмыстарға 3 245 жұмыссыз тартылды. 417 адам «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, 19 адам қалаларда өткен жыл қаржысынан шағын несие алды. 

«Аталған бағдарламаның бірінші бағыты аясында барлығы 3 883 адамды оқытуға 1 655,5 млн теңге, екінші бағытымен 2 323 адамды қамтуға 5 156,9 млн теңге қаржы бөлінді. Биыл «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 1 200 адамды кәсіпкерлікке оқыту жоспарланып, жыл басынан 417 адам оқуға жіберілді», - деді Бекболат Орынбеков. 

Жергілікті әкімдік өкілінің сөзіне қарағанда, ауыл мен қалада барлығы 4 810,4 млн теңгенің шағын несиесі 1 080 адамға берілмек. Бүгінгі таңда несие шарттарына қол қойылып, несиелендіру жұмыстары басталып жатыр. Ал бағдарламаның үшінші бағыты бойынша 6 164 адамды қамтуға 2 414,6 млн теңге қаражат қарастырылған. 

«Осы бағыт бойынша 998 әлеуметтік жұмыс орындарына 221,8 млн теңге қаралып, есепті кезеңде әлеуметтік жұмыс орындарына 1 171 азамат жолданды. Сонымен қатар, Жастар тәжірибесімен 1 489 орынға 555,0 миллион теңге бөлініп, 1394 түлек қамтылды», - деді Бекболат Серікбекұлы. 

Спикер жұмыс күші тапшы өңірлерді жұмыс күшімен қамтамасыз ету мақсатында өз еркімен қоныс аударуға жәрдемдесу есебінен еңбек ресурстарының аумақтық ұтқырлығын ынталандыру қарастырылғанын мәлімдеді. Бағдарламаның бұл бағытын халық арасында кең көлемде түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Сондай-ақ, биыл солтүстік өңірлерге Жамбыл облысынан 176 отбасын немесе 704 адамды қоныс аударту көзделіп отыр. 1 мамырға дейін жұмыс күші тапшы аймақтарға 45 отбасы, яғни 123 адам қоныс аударған. 

Өзгелердің жаңалығы