Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Оңдасын Оразалин Ақтөбе облысының биылғы жылдың тоғыз айы ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы мен алдағы кезеңге жоспарлары туралы мәлім етті.
Облысымыздың маңызды экономикалық саласының бірі ауыл шаруашылығы болып табылады. Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдау мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттен шамамен 26,7 млрд теңге субсидия бөлінді. Оның ішінде, қомақты қаражат, яғни 6,7 млрд теңге жем-шөп сатып алуға бөлінді. Біздің облыс - ағымдағы жылы осындай ауқымда ауыл шаруашылығына қажетті қолдау көрсеткен өңірлердің бірі. Сонымен қатар, «Еңбек» бағдарламасы бойынша 746 жобаны іске асыруға 3,3 млрд теңге бөлінді,- деді О.Оразалин.
Әкім жалпы, ағымдағы жылдың 9 айында 270 млрд.теңгеден астам ауыл шаруашылық өнімі өндірілгенін атап өтті.
Оның айтуынша, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ірі қара мал басы 4,7%–ға, ұсақ мал – 3,2%-ға, жылқы - 9,7%-ға, құс - 7,9%-ға артты.
Өңірде суармалы жерлерді пайдалануға беру жұмыстары да белсенді жүріп жатыр. Қазіргі уақытта Республикалық бюджет есебінен облыста 10,6 мың га үнемі суармалы жерлерге қажетті инфрақұрылым тарту жұмыстар жүргізілуде. Аяқтау мерзімі 2022 жыл. Нәтижесінде келесі жылы үнемі суармалы жерлердің көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 35,1%-ға ұлғайып 40,8 мың гектар құрайды. Ол өз кезегінде ауыл шаруашылығы өнімін ұлғаюына және жергілікті тұрғындарды азықпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - дейді Оңдасын Оразалин.