Атырау облысында психиатриялық науқастың жағдайын елемеген дәрігерлер қайғылы оқиғаға себепші болды. Бұл дерек облыстық Мамандандырылған ауданаралық сотта үкім шығарылғаннан кейін белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқиға 2025 жылғы 8 маусымда Құрманғазы ауданының Каспий ауылында болды: бірнеше жыл бойы шизофрения диагнозымен есепте тұрған ер адам көршісіне шабуыл жасап, оған 27 пышақ жарақатын салған. Оқиға үй ауласында, қаза тапқан ер адамның отбасының көз алдында орын алған.
Сот деректері бойынша, шабуыл жасаған ер адамның туыстары да бірнеше жыл бойы тұрақсыз жағдайда өмір сүрген: науқаста ара-тұра ұстамалар болып, ол агрессивті мінез танытып, пышаққа ұмтылатын жағдайлар болған. Дегенмен, психикалық денсаулық орталығының дәрігерлері оның жағдайының «жақсарып келе жатқанын» айтып, науқасты үйге жіберуді жалғастырған.
Сот шабуыл жасаған ер адамды жауапқа қабілетсіз деп танып, мәжбүрлі емдеу мекемесіне жіберді. Қайғылы оқиғаға себеп болған дәрігерлерге қатысты сот «жеке шешім» қабылдады – бұл ресми құжатта дәрігерлердің салғырттығы көрсетіліп, кінәлілерге шара қолдану ұсынылған.