Павлодар облысында 2,6 млрд теңге көлеміндегі бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол берілмеді, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Өңірде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою шаралары мемлекеттік сатып алулар саласында күшейтілген. Осылайша, «Мемлекеттік сатып алудың бірыңғай терезесі» ақпараттық жүйесін тексеру барысында мемлекет қаражатын тиімсіз пайдалануға жол бермеуге бағытталған жұмыстар атқарылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Медет Амралиновтың айтуынша, аймақта бюджет қаражатын жүйелі жымқыру деректері анықталған.
Мәселен, мүгедектігі бар азаматтарға жеке көмекшілерге төленетін қаражатты жымқыру дерегі анықталды. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары сотталды. Мониторинг барысында, сонымен қатар, экономикалық мобильділік сертификатын алу үшін тұрғын үйді сатып алу жөнінде жалған келісімшарттарды ұсыну әшкереленді. Осындай сертификат азаматтардың ішкі мобильділігін ынталандыру мақсатында енгізілген. Құжат баспана бағасының жарты сомасын алу құқығын береді. Көшіп келушілер арасында тұрғын үй грантын алып, жылжымайтын мүлікті тіркемеу деректері де бар. Тексеріс барысында олардың сол баспаналарда тұрмағаны белгілі болды. Сонымен қатар, жеке бастың пайдасы үшін жалған ақпарат ұсынған. Фактілерді прокурорлық тексеріс те растады, - дейді Медет Амралинов.
Айта кетейік, облыста «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы іске қосылды. Еріктілер 308 млн теңге сомасындағы тиімсіз шығыстарды болдырмауға әсер етті. Сондай-ақ, 500-ден астам кәсіпкердің құқықтарын қорғауға мүмкіндік берді.