Көлік салығын төлемегендердің есепшоты 26 мамырдан бастап бұғатталады. Мемлекеттік кірістер департаменті осылай ескерту жасады. Ескертуді елемеген тұрғындардың көлігі тәркіленіп, есепшоты бұғатталады, деп хабарлайды BAQ.KZ «Астана» телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қостанай облысында 12 мыңнан астам адам борышкерлер тізімінде тұр. Тұрғындардың қордаланған қарызы 190 миллион теңгеге жеткен.
Қостанай мемлекеттік кірістер департаменті өкілдерінің айтуынша, он жылдан бері көлік салығын төлемей жүрген тұрғындар бар. Кейбірінің қордаланған қарызы 5 миллион теңгеден асқан. Жылдар бойы бой жасырып жүрген борышкердің бесеуі 3 тәулікке қамауға алынды.
Салық уақытында төленбеген жағдайда әр кешіккен күнге өсімпұл жазылады. Борышкерлерге берешегі туралы хабарлама жолданады. Хабарлама отыз күнде орындалмаса салық бұйрығы жолданады. 26 мамырдан бастап берешекті мәжбүрлі өндіріп алу үшін жеке сот орындаушыларға беріледі, — дейді облыстық мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Шынар Мұқанова.
Төрт күннен кейін 12 мың борышкердің тізімі жеке сот орындаушыларға жіберіледі. Өңірлік палата өкілдері бұған дейін мәжбүрлі орындауға жолданған мың екі жүз материалмен жұмыс істеп, 60 миллионнан астам теңге өндірілгенін айтып отыр.
Осыған дейін салық төлемей жүрген он адамның көлік құралы тәркіленді. Олар дереу қарызын өтеді. Кейбір борышкер көлігінен айрылғанда немесе есепшоты бұғатталған кезде ғана салық төлеуге жүгіре бастайды, — дейді өңірлік жеке сот орындаушылар палатасы басшысының орынбасары Әділхан Сүйінбеков.
Қалың қарызды өндіру үшін сот орындаушылар борышкерді шетел асырмауға, көлігін айыппұл тұрағына апаруға құқылы. Банктегі есепшоттарын бұғаттап, басқа да мүлкіне тыйым салады. Тіпті әлгі қарыз көп адамның жүргізуші куәлігіне шейін шектеу қойылып, қамауға алуға қақы бар.
Ал Атырау облысында биылғыны былай қойғанда, былтырғы көлік салығынан жалтарып жүргендер бар. Салыққа салғырт қараған төрт жарым мыңнан астам жүргізуші 244 миллион теңге берешек.
Биыл бес айдағы статистикада да көңіл көншітпейді. 14 мыңға жуық көлік иесі салық төлемеген. Олардың борышы 500 млн теңгеге жетіп жығылады.
Бір ескеретін жайт сот орындаушылары көлік иесінен салыққа берешегімен бірге сол соманың 25 пайызы көлемінде қосымша ақы өндіріп алады. Сондықтан мамандар өсімпұлсыз уақытылы төлеуге кеңес береді. Айтуларынша, міндетті төлемнен қашқандар қатарында қозғалтқыш көлемі үлкен, қымбат көліктер де баршылық.