Қостанайда мемлекеттік субсидияны талан-таражға салып, жоқ мал үшін мемлекеттен субсидия алған қылмыстық топқа үкім шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сот мәліметінше, сотталушылардың арасында «BEEFSTREAM» және «BEEF EXPORT GROUP» ЖШС директорлары, компания қызметкерлері, басқа да ЖШС басшылары, шаруа қожалықтарының иелері, жеке кәсіпкер, ветеринар дәрігерлер, сондай-ақ облыс әкімдігінің «Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы» ММ қызметкерлері бар.
Оларға келесі айыптар тағылды:
-
салық төлеуден жалтару;
-
ұйымдасқан топ құру, оған жетекшілік ету және қатысу;
-
бұзақылық;
-
билік өкіліне қатысты күш қолдану;
-
2,5 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру;
-
қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру (жылыстату);
-
заңсыз кәсіпкерлік;
-
пара алу және пара беру;
-
ветеринарлық анықтамаларды қолдан жасау.
Айыптау актісіне сәйкес, 2021 жылдың желтоқсаны мен 2023 жылдың маусымы аралығында сотталушылар мал шаруашылығы мен ет өңдеуді дамытуға бөлінген 2,5 млрд теңгеден астам мемлекеттік субсидияны жымқыру схемасын іске асырған.
-
«BEEF EXPORT GROUP» ЖШС ет комбинаты құрылысына жұмсалған шығынның 25%-ын өтеу ретінде бөлінген 1 197 500 000 теңге көлеміндегі инвестициялық субсидияны жымқыру. Өндіріс орны тәулігіне кемінде 1 500 бас ірі қара мал сою қуаттылығына ие болуы тиіс еді, бірақ іс жүзінде бұл талаптарға сай болмаған. Қуаттылық туралы құжаттар қолдан жасалып, алдау жолымен алынған;
-
шаруа қожалықтарына бөлінген 354 млн теңгеден астам субсидияны жымқыру. Шарт бойынша, олар малды белгіленген критерийлерге (жынысы, жасы, салмағы) сәйкес ет комбинатына тапсыруы керек болған. Осы үшін оларға мемлекеттік субсидия төленген.
Алайда шаруалар ет комбинатының қызметкерлерімен алдын ала келісіп, талаптарға сай келмейтін мал тапсырған. Кәсіпорын қызметкерлері құжаттарды мал барлық критерийлерге сай келетіндей етіп рәсімдеген. Кей жағдайларда мал тек қағаз жүзінде ғана болған. Осыдан кейін шаруалар субсидияға өтінім беріп, түскен қаражатты өзара бөліп алып отырған, - деп нақтылады сотта.
Жаза тағайындау кезінде сот сотталушылардың көбінде жеңілдететін мән-жайлар бар екенін анықтады. Атап айтқанда: асырауында жас балаларының болуы, кінәні мойындау және өкіну.
Қылмыстың ауырлығын, мемлекетке келтірілген аса ірі көлемдегі залалды, сондай-ақ әрбір сотталушының рөлін ескере отырып, сот оларды кінәлі деп танып, 5 жылдан 14 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, - деп атап өтті Қостанай сотының баспасөз қызметі.
Жәбірленушілердің азаматтық талап арыздары қанағаттандырылды. Сотталғандардың мүлкіне қойылған тыйым үкім орындалғанға дейін күшінде қалды.
Сотталғандардың мүлкіне салынған тыйымдар азаматтық талаптарды орындағанға дейін сақталды. «BEEF EXPORT GROUP» ЖШС-нің есепшотындағы 1,3 млн АҚШ доллары, 4 мыңнан астам еуро және 600 млн теңгеден астам қаражат мемлекет кірісіне өндірілді, - делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.