Павлодар облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет прокуратураның үйлестіруімен орман шаруашылығын қорғау саласындағы жүйелі жемқорлықты анықтау шеңберінде «Ертіс Орманы» Мемлекеттік орман табиғи резерватының (Резерват) басшысы тарапынан пара алу фактілерін анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ол кәсіпкерлерге іскерлік орманды заңсыз кескені және сатқаны үшін пара алудың қылмыстық схемасын ұйымдастырғаны анықталды.
Биылғы 26 қаңтарында тергеу сотының санкциясымен Резерват басшысы 2 ай мерзімге қамауға алынды.
Сонымен қатар, Резерваттың 5 бухгалтеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, олар 2021-2023 жылдар аралығында өздерінің карточкалық шоттарына, сондай-ақ мекеменің жұмыс істеп тұрған және бұрынғы қызметкерлерінің шоттарына жалақыны есептеу және аудару арқылы 25 млн теңге сомасында аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырған.
Келтірілген материалдық залал ішінара өтелді. Тергеу жалғасуда. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі, - деп хабарлады Антикор.