Ақтөбе облысында екі жыл бойы алиментін төлемей жалтарған, қарызы 2,5 миллион теңгеден асқан борышкердің үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе қалалық прокуратурасының аға прокуроры Әсел Утенованың айтуынша, былтыр өңірде алимент төлемеу деректері бойынша облыс прокуратурасы 37 сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізген.
Нәтижесінде 7 борышкерге айыптау үкімдері шығарылып, 10 әкенің үстінен қылмыстық іс көтерілген. Дегенмен олардың қарыздарын өтеуіне байланысты іс тоқтатылған. Сондай-ақ бүгінде 20 материал өндірісте тұр.
Биыл жыл басында алимент төлемеуге қатысты 3 қылмыстық іс тіркеліп отыр. Бұл орайда сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары бір айдың ішінде аяқталып, іс сотқа жіберілді. Атап айтсақ, сот үкімімен бір борышкердің үстінен іс қозғалып, бір жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Бұл борышкер балаларына 2,5 миллион теңге қарыз болған. Қазір ол осы қарызының 1 миллион теңгесін өтеді, - дейді Әсел Утенова.
Ақтөбе облыстық Әділет департаментінің берген мәліметіне сүйнесек, соңғы кезде өңірде ресми табысын көрсетпейтіндер көбейген. Мәселен, жуырда алименттің ең аз мөлшерін көрсеткен борышкер анықталды.
Белгілі болғандай, бұл азамат іс жүзінде шетелде жұмыс істейді екен. Сот орындаушысы бұрын шығарылған қаулының күшін жойып, борышкерге орташа айлық жалақыға негізделген жаңа қарызды жүктеді.
Айта кету керек, борышкерлер табысын қасақана төмендетсе, бұл оларды жауапкершіліктен құтқармайды.