25 ақпанда АҚШ пен Ресей келіссөзі өтеді

Бүгiн, 13:39
197
Бөлісу:
25 ақпанда АҚШ пен Ресей келіссөзі өтеді
Фото: depositphotos.com

АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы әскери қақтығысты тоқтату мақсатында АҚШ пен Ресей дипломаттары арасындағы екінші келіссөз раундын жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ Euronews-ке сілтеме жасап.

Трамптың айтуынша, Ресей мен АҚШ арасындағы келіссөздер 25 ақпанда Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта өтеді.

Еске салсақ, екі мемлекет өкілдері арасындағы алғашқы келіссөздер 18 ақпанда Эр-Риядта өткен болатын. Ресей делегациясын Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров, ал АҚШ делегациясын Мемлекеттік хатшы Марко Рубио басқарды. Тараптар Мәскеу мен Вашингтон арасындағы екіжақты қатынастарды жақсарту, сондай-ақ Украинадағы әскери қақтығысты реттеу мәселелерін талқылады.

Бұған дейін Ақ үйдің баспасөз хатшысы Каролин Левитт АҚШ президенті Дональд Трамптың Украинадағы қақтығысты осы аптада аяқтау туралы келісімге қол жеткізу мүмкіндігіне сенімді екенін хабарлаған болатын. Оның айтуынша, Вашингтон белсенді дипломатиялық күш-жігерін жалғастыруда, ал Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Майк Уолтц келісімге қол жеткізу және қақтығысты тоқтату үшін демалыс күндері тәулік бойы жұмыс істеуде. Трамптың Ресей президенті Владимир Путинмен мүмкін болатын кездесуі туралы сұраққа жауап бере отырып, Левитт бұл туралы нақты ақпарат бере алмайтынын, бірақ Ақ үйдің екі тараппен де келіссөздерді жалғастырып жатқанын атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы