24 жылдан кейін келген куәлік

28 Наурыз 2025, 21:27
1881
Бөлісу:
24 жылдан кейін келген куәлік
Фото: Жетісу облысының әкімдігі

Талдықорғанда 24 жастағы әйел алғаш рет жеке куәлігін алды. Оған полиция басқармасы, еріктілер мен “Жанұя” отбасын қолдау орталығы көмектескен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Талдықорғандық Самал Адишова тұңғыш рет жеке басын куәландыратын құжатқа ие болды. Оның төл құжаттарының жоқ екені былтыр “Жанұя” отбасын қолдау орталығына көмекке жүгінген кезде ғана белгілі болған.

Бұл мәселеге немқұрайлы қарамаған «Жанұя» орталығының қызметкерлері Самалға заңды жолмен шұғыл көмек ұсынып, оның жеке құжаттарын сот тәртібімен рәсімдеуге септігін тигізген. Біршама уақытқа созылған бұл жұмыс нәтижесінде іс сот қарауына алынып, 27 наурызда соттың шешімімен Самал Адишованың қолына заңды құжаттары табысталды.

«Жанұя» орталығының сала мамандары: Ләззәт Шайгалиева мен Мадина Белгібаева, сондай-ақ Талдықорған қалалық полиция басқармасының көші-қон қызметі мамандары: басқарма жетекшісі подполковник Жұлдыз Иманқұлова, белсенді ерікті Ғазиз Аманжолұлы аталмыш аса маңызды істің оң шешім табуына орасан зор үлестерін қосқан екен.

Самал Адишова үшін бұл құжаттар жай ғана қағаз емес, оның өміріндегі жаңа кезеңнің бастауы. Енді ол ресми түрде Қазақстан Республикасының заңды азаматшасы ретінде танылып, өз құқықтарын толық пайдалануға жол ашылады. Бұл жағдай құжаттардың маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеп, осындай қиындыққа тап болған жандарға қолдау көрсетудің қажеттілігін айқындайды, - дейді белсенді ерікті Ғазиз Аманжолұлы.

Самалдың сөзінше, оның жеке куәлігінен бөлек, басқа да маңызды құжаттары жоқ. Ол дүниеге келгенде туу туралы куәлік рәсімделмеген, ал есейген шақта жеке куәлік алуға мүмкіндік болмаған. Сонымен қатар, оның екі перзентінің де құжаттары дайындалмағаны анықталған.

Өзгелердің жаңалығы