Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Екі күнде 230 түлек ҰБТ-ға жіберілмеді. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекова айтты.
2020 жылғы ерекшеліктердің бірі - ғимаратқа кіру кезінде тыйым салған заттар табылған жағдайда түлек ҰБТ-ға жіберілмейді. Биылғы 21-22 маусым күндері республика бойынша 230 түлек ҰБТ-ға жіберілмеді. Ал 195 тапсырушы ҰБТ ережесін бұзғаны үшін аудиториялардан шығарылды. Сәйкесінше, олардың нәтижелері жойылды және биыл тестілеуге қатысу мүмкіндігінен айырылды, - деді Наужан Әбдісаттарқызы.
Маманның айтуынша, 2019 жылы осындай 24 жағдай ғана тіркелген.
Қазір бұл мәселе бойынша психологтар тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр. Ол түлектердің ішінде қаңтар айында тест тапсырғандар бар екенін айта кеткен жөн. Себебі, олар тест нәтижелері бойынша шекті балл болған жағдайда жоғары оқу орнына ақылы негізде түсе алады. Қаңтар айындағы сертификат биылғы 31 желтоқсанға дейін жарамды, - деді ол.
Наужан Дидарбекова айтып өткендей, түлектердің барлығына ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Тыйым салынған заттарды кіргізуге болмайтыны жайлы бірнеше рет ақпараттандырған болатынбыз. БАҚ-та да айтылды. Биылғы жаңа тәртіп бойынша барлық бейнежазба арнайы бағдарламаның көмегімен талданады. Бейнежазба барысында тапсырушының тыйым салынған заттарды қолданғаны тестілеу біткен соң да анықталса, ол түлектің нәтижесін жоюға мүмкіндік бар. Оған қоса, түлек мемлекеттік гранттың иегері атанса, оның грант нәтижесі де жойылуы мүмкін, - дейді ол.
Наужан Әбдісаттарқызы айтқандай, бұл шаралардың барлығы тестілеудің барынша әділ өтуіне бағытталған.
Баланың тәрбиесі кішкентай кезінен бастап адалдық ұстанымдарға негізделуі тиіс. Сол сияқты ҰБТ-ға да бір бала бар күшін жұмсап, мықты дайындықпен келеді. Ал кейбіреуі телефонына сенім артады. Сондықтан да, бұлардың барлығы ҰБТ-ға қатысушылардың тең жағдайда тест тапсыруына бағытталған шаралар. Осы жолы ҰБТ тапсыра алмағандар келесі жылдың қаңтар айындағы тестілеуге қатыса алады. Жалпы, ҰБТ жылына 4 рет өткізіледі, - деді ол.
Оның айтуынша, биылғы қаңтарда ҰБТ-ны 95 мың адам тапсырған.
Қаңтардағы сертификат бойынша шекті балл болса, жоғары оқу орнына түсуге болатынын айттым. Маусымдағы ҰБТ-ның ерекшелігі - ол мемлекеттік грант байқауына қатысу мүмкіндігі, - деді Наужан Дидарбекова.